Фото: yandex.kz
Алматы қаласында «Кенжехан» базарының басшысы Сергей Кимнің үйіне жасалған қарулы шабуылға қатысты үкім шықты. Үш күдікті 10-11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ ауқатты адамдарды алдын ала бақылап,
түнгі уақытта үйлеріне басып кіріп, күш қолдану арқылы ақша мен бағалы заттарды
тартып отырған. Олардың нысанасына кәсіпкердің коттеджі де іліккен.
2025 жылғы 12 қыркүйекке қараған түні күдіктілер үйге заңсыз кіріп, иесін
ұрып-соққан. Кәсіпкер қарсылық көрсетіп, пышақпен бір шабуылдаушыны жаралаған.
Алайда қылмыскерлер оның жұбайы мен баласын өлтіреміз деп қорқытқаннан кейін,
ол амалсыз берілген.
Қарақшылар үйден жалпы құны 530 миллион теңгеден асатын бағалы заттарды
алып кеткен. Олардың ішінде:
Ulysse Nardin (45 млн тг),
Vacheron Constantin (28 млн тг),
Rolex (26 млн тг),
сондай-ақ Van Cleef & Arpels зергерлік бұйымдары болған.
Күдіктілер қылмысты мұқият жоспарлағанымен, ұзақ уақыт бойы жасырына
алмаған. Жараланғандардың бірі дәрігерге жүгінген, ал оқиға орнынан таксимен
кеткен кезде жүргізуші оларды танып қалған. Нәтижесінде бес күн ішінде барлығы
ұсталды.
Айта кетейік, «Кенжехан» базары соңғы жылдары түрлі даулармен жиі аталып, мәселе жоғары деңгейде қаралған болатын.
