Ulysmedia коллажы
UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова Руслан Өтепбайдың YouTube арнасына берген сұхбатында күйеуімен жасасқан неке келісімшартының мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, 2025 жылдың наурызында отбасы үш баласымен Дубайға демалысқа барып келген, ал сәуір айында спортшы неке келісімшартын жасау мәселесін көтере бастаған.
Гүлайым Рахмонова бастапқыда бұл ұсынысқа мән бермегенін, кейін отбасындағы түрлі әңгімелер мен күмәндарға байланысты келісімшартқа қол қоюға шешім қабылдағанын айтты.
«Мен басында күліп, мән бермедім. Кейін “егер жанын тыныштандырса, қол қоя салайын” деп ойладым», – деді ол.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, әр тараптың атында тіркелген мүлік ажырасу жағдайында сол адамның өзінде қалатыны көрсетілген.
«Менің атымда тек өзім жол апатына түскен көлік қана болды. Мен дүние үшін жүрген жоқпын», – деді Гүлайым Рахмонова.
Айта кетейік, бұған дейін Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты жол апаты ісі сотқа жолданған болатын. 2025 жылдың шілдесінде Жамбыл облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған.
Тараз сотының шешімімен Гүлайым Рахмонова Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда жаза мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылған.
Сонымен қатар ол жақында әлеуметтік желідегі парақшасында Шавкат Рахмоновпен ажырасқанын мәлімдеген.
