13 сәу, 2026 сағат 17:20

Қызылордада “тыйым салынған” діни сауда: 180 кітап тәркіленді


Фото: Polisia.kz


Қызылорда облысында дін саласындағы заң бұзушылықтарға қарсы күрес күшейді. Жыл басынан бері өңірде осы бағытта 14 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, деп хабарлайды Ult.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.


Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген рейдтер кезінде және әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарға жасалған мониторинг нәтижесінде анықталған.


Заң талаптарына сәйкес, діни әдебиеттер мен мазмұндағы материалдарды тек арнайы рұқсаты бар, ресми тіркелген сауда орындары ғана тарата алады. Алайда бұл талаптар жиі бұзылып отыр. Интернет арқылы діни өнімдерді заңсыз сату деректері де кездесуде.


Мәселен, Байқоңыр қаласының 38 және 34 жастағы тұрғындарының үйлерінде жүргізілген тінту барысында 180-ге жуық діни кітап тәркіленді. Аталған азаматтарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша хаттама толтырылды.


Сондай-ақ 32 және 36 жастағы тұрғындар “ВКонтакте” әлеуметтік желісі арқылы діни мазмұндағы аудио және бейнематериалдар таратқаны анықталды. Бұл фактілер онлайн мониторинг барысында белгілі болған.

Полиция өкілдері мұндай заң бұзушылықтарға қарсы шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Барлық анықталған деректер бойынша заң аясында тиісті шешімдер қабылданады.


Сонымен қатар өңірде тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары діни әдебиеттерді тарату талаптарын түсіндіріп, заңды сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударуда.