14 сәу, 2026 сағат 12:10

Астанада тағы да 10 қабатты үй отқа оранды: балалар құтқарылды


Фото: Бейнежазбадан


Астанада 10 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, құтқарушылар балаларды аман алып шықты. Абырой болғанда, зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, деп хабарлайды Ult.kz.


Төтенше жағдай Нұра ауданындағы Құлтегін көшесінде орналасқан көпқабатты үйде тіркелген. Оқиға орнына келген алғашқы бөлімшелер подъезде қою түтін барын анықтаған.


Өртті сөндіру жұмыстары жедел басталып, оқпандар беріліп, су үздіксіз жеткізілген. Сонымен қатар тұрғындарды эвакуациялау шаралары қолға алынды.


Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар автосатының көмегімен 3 адамды, оның ішінде 2 баланы сыртқа шығарған. Сондай-ақ баспалдақ арқылы құтқару қалпақшаларын пайдаланып тағы 3 адам эвакуацияланды, олардың бірі – бала.


Нақтылау бойынша, өрт электр қалқаны шахтасынан басталып, бірінші қабаттан оныншы қабатқа дейін таралған.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда.