01 қар, 2017 сағат 16:02

Шавкат Мирзияев АҚШ президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев АҚШ президенті Дональд Трампқа Нью-Йоркте болған шабуылдан бейбіт адамдардың құрбан болуына байланысты көңіл айтты.

«Құрметті Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Джон Трамп! Нью-Йорк қаласындағы бейбіт тұрғындардың өмірін жалмаған террористік актіге байланысты көңіл айтамын. Мұндай аяусыз және ауыр қылмыс үшін ешкімді ақтап шыға алмаймыз. Біз экстремизм және терроризмнің кез келген түрін қатаң жазалаймыз.

Болған оқиға халықаралық қауымдастықтың бірігіп әрекет етуі керектігін тағы да растайды. Өзбекстан бұл терактіге тергеп-тексеру ісіне кез келген жағдайда аянбай жәрдем беруге дайын. Қылмыстың ашылуына толық көмек береміз.

Жеке өзімнің және барша Өзбекстан халқының атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ достас Америка Құрама Штаттарының халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», - делінген жеделхатта.

Естеріңізге сала кетейік, 31 қазан күні Нью-Йорктің Манхэттен ауданында жүк көлігі велосипед жолағында жүрген топ адамды қағып өтіп, сегіз адам қаза тапқан, он бес адам жараланған.

Полиция жүк көлігінің жүргізушісі - 29 жастағы Өзбекстан азаматы Сайфулло Саиповты шабуылға күдікті ретінде ұстады. Шабуылдан соң АҚШ президенті Дональд Трамп иммигранттарды жаппай қатаң тексеруге бұйрық берді.