05 мам, 2022 сағат 17:26

Шаруалар мүддесін қорғау үшін киіктің санын реттеу қажет – БҚО әкімі


Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу мәселесі қарастырылады. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің журналистермен кездесуінде мәлім еткеніндей, өңірде киіктер жыл сайын көбейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің айтуынша, кейінгі жылдары тұрғындар мен шаруалардан киіктердің жайылымды отап кеткені жөнінде түсетін шағым жиілеп барады. 

«Жуырда өңірге жұмыс сапары кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов Экология министрлігіне киікке байланысты маусымның 1-іне дейін нақты шешімге келуді жүктеді. Содан кейін Үкімет қаулысы ма, министрлік бұйрығы ма, шығатын болады. Себебі, шаруалардың мүддесін қорғау керек. «Бөкейорда» резерватына байланысты айтарым, бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Резерватқа берілетін жер аумағынан ұңғымалар қазып, зерттеген кезде су шыққан жоқ. Ал, су жоқ жерге киік тұрақтамайды. Әрине, Үкімет қаулысына сәйкес резерват құрылып, инспекторлар мен техникалар саны көбейтілер. Алайда, бұл мәселені шешуге ішінара ғана септік етеді. Сондықтан, кәрі текелерді азайтып дегендей, киіктер санын реттеу қажет», - деді Ғали Есқалиев.

Қазақстанда киіктерді атуға 2015 жылдан бастап тыйым салынған болатын. Кейін бұл мерзім 2023 жылға дейін ұзартылды. Сол кезде киік саны 10-15 мыңдай еді, қазір 500 мыңнан асып кетті. Биылғы санақ қорытындысы бойынша одан да көбеюі мүмкін.