
Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Шахан кентіндегі қарттар үйінде коронавирус инфекциясы анықталған адамдардың нақты санын хабарлады. Бүгінгі таңда олардың саны 96 адамды құрады.
Қарағанды облысының санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, Шахан кентінде орналасқан «Қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесі» КММ-де ПТР зерттеу нәтижелері бойынша 96 адамда коронавирустық инфекция анықталды, оның ішінде 70-і қамқорлықтағы азаматтар және 26-сы осы мекеменің қызметкерлері.
«Барлық науқастар ауруханаға жатқызылды, байланыста болғандар оқшауланды және медициналық бақылауда. Ауыр халдегі науқастар жоқ. Эпидемияға қарсы қажетті іс-шаралар толық көлемде жүргізілді. Эпидемиологиялық жағдай бақылауда», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының Шахан кентінде коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркелген болатын. Осыған байланысты Шахтинск қаласының бас санитарлық дәрігері аталмыш елді мекенде шектеу шараларын қатаңдату туралы шешім қабылдады. Жаңа қаулы 2021 жылғы 6 ақпанда сағат 00-00-ден бастап күшіне енеді.
