08 ақп, 2020 сағат 09:55

Ш дыбысын латын әліпбиінде таңбалау жолдары

Латын графикасына көшу рухани жаңғыру аясында жүзеге асырылып жатқан, ұлттың және тілдің болашағы үшін маңызды ісшара екенін ұмытпауымыз қажет. Кейбір адамдар бұл мәселені қазақ әліпбиіндегі әріптерді ағылшын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінеді. Бұл – қате түсінік, әліпби мәселесімен тіл мамандары, әдіскерлер, ғалымдар айналысу керек  деген ойдамыз. Дегенмен қазіргі қазақ тілінің болашағына жанашырлықпен қарап, әліпби нұсқасын ұсыну арқылы тілдің дамуына өз үлесін қосқысы келетін  азаматтар көп. Әрине, олардың да талпынысы да  құптарлық. Осыған орай, ұсынылған әліпбилерді жіті қарап, өз пікірімізді тіл маманы ретінде  ұсынуды қоғам алдында тұрған міндет және жауапкершілік деп түсінеміз.

Әліпбидің  бекітілген соңғы нұсқасында Ш дыбысына Sh (диграф) күрделі әрпі ұсынылған. Аталған дыбыстың қолданылу жиілігі жоғары, Ш-ның қос таңбадан тұруы сөздің шұбалаңқылығына, оны оқу уақытының созылып кетуіне әкеп соқтырады, мұндай тиімсіз тұстарды сарапшылар БАҚ-та талай айтқан болатын. Ендеше, бір дыбысқа салынған бұл екі таңбаны қалдырудан ұтарымыз аз.  

Қоғам арасында «латынға негізделген қазақ әліпбиін ағылшын тіліне барынша жақындатсақ, үйренуге оңай тіл болады немесе шетелдіктер біздің тілімізді дұрыс оқитын болады» деген пікірлер көптеп кездеседі. Мұны айтатындардың дені орыстілділер екені байқалады. Мәселен, Ashat, Júnishan, Eshan кісі есімдеріндегі sh дыбыс тіркесі ағылшын тілінде «ш» болып оқылғандықтан, оны s-kh  әріп тіркестерімен беру керек деген де ұсыныстарды жиі естиміз, SH күрделі таңбасын қабылдамай жүргенде, skh әріп тіркесін қолдануға жұрт келісе қояр ма екен?! Мысалы, Askhat, Júniskhan, Eskhan және т.б. деп жазуды ұсынып жүргендердің осы пікірі қазақ жазуы үшін қаншалықты қолайлы? Мысалда «s» таңбасы «ш»  болса,  «kh» әріп тіркесі «х» болып оқылады. Сонда қазақ тіліндегі  Асхат, Жүнісхан, Есхан адам есімдерін  Askhat, Júniskhan, Eskhan деп берудің жалғыз себебі ағылшынтілділер бірден түсіну керек-міс. Сонда әліпбиді қазақ ағылшынтілділерге икемдеу үшін ауыстырып жатқаны ма?!

Әліпбиі басқа ұлттар үшін емес, әліпбиі реформаланып жатқан ұлттың игілігі үшін, сол ұлттың мүддесіне  қызмет ету үшін жасалады.  Әліпбиді басқа ұлттың  санасына бейімдеп, олардың дұрыс қабылдап, оқуы үшін жасау міндетті емес. Ағылшын тілі үндіеуропа тілдерінің қатарына жатса, ал үндіеуропа тілдерінің қатарына жатпайтын, алтай тілдерінің тобы, оның ішінде, түркі тілдерінің қатарындағы қазақ тілінің лингвистикалық табиғаты бөлек болып келеді. Сондықтан да табиғаты бөлек екі тілдің біреуін екіншісіне икемдеуге еш негіз жоқ деп ойлаймыз.

Бұндай әріп тіркестерінің оқылуында кездесетін қиындықтарды шешудің әдістемелік жолдары да күрделі болады. Мейлі тіпті әдістеме арқылы оны шештік делік, соның өзінде диграфтар мен триграфтар қазақ жазуының сүйкімін кетіреді. Оның үстіне өз тілінің жазу ережелерін ағылшын тілінің фонетикасымен салыстыру арқылы оқытуға мәжбүр боламыз, ал осының қажеті қанша? Сондықтан қуатсыйымдылығы мен уақытсыйымдылығы төмен әліпби – ол өзге тілділерге емес ол тіл иелмені санасына лайық, тілге икемді әліпби, яғни бір дыбыс, бір әріп принципін ұстанған әліпби, оның құрамында бір дыбыс – екі әріп деген принципке құрылған таңба болмағаны абзал. 

Әрі қарай әліпбидегі Ш әрпіне ұсынылған қосар таңбаның орнына қандай таңбаны ұсыну тиімді деген мәселені зерделейтін болсақ, «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымына қайшы келмейтін, кейбір әліпби жобаларында ұсынып жүрген Ş (седиль) таңбасының орны бөлек. Оған « таңбасына қойылған седиль диакритикасы түркі дүниесіндегі түрік, әзірбайжан, түркімен халықтарының жазуында тиімді қолданылып келе жатқаны дәлел бола алады. Мәселен, түрік тілінде şarkici (әнші),  şüphe  (шүбә)  şehir (қала); әзірбайжан тілінде nəşr (басылым), şəklin (сурет), şіş (ісік); түркімен тілінде bäş (бес), şenbe (сенбі), şäher (қала). Берілген мысалдарда әріпасты седилдің көзшалымға қолайлығын, екіншіден, әріпасты бір ғана таңба болатындығын ескерген жөн. 

Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлының «әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді» деген сөзін әсте естен шығармаған дұрыс.  

Нұрбекова Айнұр

«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері