01 шіл, 2023 сағат 19:30

Серік Күдебаевтың үкімі өзгеріссіз қалды

© Sputnik, скрин видео

Жетісу облыстық соты Алматы облысының бұрынғы полиция басшысы Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағымды қарады. Экс-генералды 10 жылға бас бостандығынан айыру үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Еске салайық, наурыз айының соңында Алматы полиция департаментінің экс-басшысына қатысты сот отырысы Күдебаевтың келмеуіне байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. Кейін оның елден қашып кеткені белгілі болып, оған халықаралық іздеу жарияланды.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Серік Күдебаев Түркияда ұсталып, арнайы рейспен елге қайтарылды. Оның отбасы ол "өз бетімен оралуды шешкенін" айтты.

2023 жылдың сәуір айының аяғында Талдықорған қалалық соты Серік Күдебаевты қаңтар оқиғасы кезінде ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды (ҚК 362-бабының 4-бөлігі) және азаптау (146-баптың 2-бөлігі) бойынша кінәлі деп танылып, оны полиция генерал-майоры арнайы атағынан айыра отырып, оған жаза мерзімін орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Серік Күдебаев Алматы облысы полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол алты жылдан астам уақыт Алматы полициясының басшысы болған.