Халықаралық бокс қауымдастығының вице-президенті Серік Қонақбаевтың спорттық арбитражды сотқа (CAS) жіберген шағымы қанағаттандырылып, ол ресми түрде АИБА президенттігіне үміткер атанды. Бұл туралы Olympic.kz мәлімдеді.
«CAS пен бұл іске қатысушыларға менің шағымым бойынша әділ шешім шығарғаны үшін алғыс айтамын. Біз келтірген дәлелдерді CAS-тің оң қабылдағанына ризамын. Мен үшін АИБА президенттігіне үміткер атану үлкен құрмет. Енді басшылықты қолға алып, ұлттық федерациялармен бірлесе отырып ұйымымыз бен спортымызды қайта жандандыруға мүмкіндік бар», - деді Қонақбаев.
Ол Президумды ұтып алу үшін бар күшін салатынын айтты.
«Маған президенттікке үміткер атануға мүмкіндік берді. Әрі қарай Президиумды ұтып алу үшін бар күшімді саламын. Мұны өзім үшін емес, біздің боксшылардың құқығын, олардың Олимпиададағы арманы мен үмітін қорғау үшін істегім келеді. Бұл міндетке үлкен жауапкершілікпен қараймын және 3 қараша күні Мәскеуде өтетін сайлауды асыға күтемін. АИБА-ның жарқын болашағы үшін қауымдастықтың барлық мүшелерінен менің кандидатурамды қолдауды өтінемін», - деді ол.
Осыған дейін Серік Қонақбаев үміткерлер тізіміне енбей қалғаны туралы айтылған еді. Мұның себебі қауымдастық президенттігіне кандидат 3 қазан күні 20 елдің жазбаша қолдауын өткізу қажет болған.
58 жастағы Серік Қонақбаев халықаралық аренда спорт функционері ретінде 2010 жылдан бері таныла бастады. Сол жылы AIBA-ның атқару комитетінің мүшелігіне өтті. Ал 2014 жылдан бері AIBA вице-президенті және Азия конфедерациясының президенті қызметін атқарып келді.
Жыл басынан бері президенттің уақытша міндетін Гафур Рахимов атқарып келеді. Дәл осы жағдай Халықаралық Олимпиада комитеті мен АҚШ-тың наразылығын тудырды. Өйткені, өзбекстандық спорт функционерінің қылмыс әлеміне қатысы бар екендігі және ол жақтағы беделі жиі сөз болып жүр. ХОК президенті Томас Бах бокс қауымдастығынан басқарушы құрылымдар, қаржы және ішкі допингке қарсы жүйе жайлы толық мәлімет беруін талап еткен еді. Тіпті, Рахимов президенттік сайлауға түсетін болса, боксты Олимпиада ойындарынан алып тастауы мүмкін екенін ескерткені бар.
АИБА президенті 3 қараша күні сайланады. Екі кандидат қана бар: өзбекстандық Гафур Рахимов және қазақстандық Серік Қонақбаев.