Фото: Inbusiness.kz
Қазақстанда республикалық референдум өткен күні – 15 наурызда ел бойынша 585 нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды Ult.kz.
Денсаулық сақтау саласының мәліметінше, бір тәуліктің ішінде медициналық ұйымдарда барлығы 583 босану қабылданған. Оның ішінде Ақтөбе облысы мен Түркістан облысында екі егіз сәби өмірге келген. Жалпы туған балалардың 310-ы ұл, 275-і қыз.
Осы күні ерекше оқиға Маңғыстау облысында тіркелді. Көпбалалы отбасында дүниеге келген тоғызыншы сәбиге ата-анасы Атазаң деп ат қойған. Нәрестенің салмағы – 4130 грамм, бойы – 57 сантиметр.
Мамандардың айтуынша, маңызды тарихи күні дүниеге келген сәбилер – ел болашағының символы. Әрбір жаңа азамат мемлекеттің дамуына, қоғамның өсіп-өркендеуіне деген үміт ретінде бағаланады.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында ана мен баланы қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде көпбалалы отбасыларға түрлі әлеуметтік көмек пен қолдау шаралары қарастырылған.
Медицина қызметкерлері референдум күні де аналар мен жаңа туған сәбилерге сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетіп, кәсіби жауапкершіліктің жоғары деңгейін танытты. Мамандар жаңа туған нәрестелердің отбасыларына қуаныштары құтты болып, сәбилерге мықты денсаулық пен жарқын болашақ тіледі.
