"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының Қоғаммен байланыс департаментінің бұрынғы директоры Сергей Куянов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында жаңа қызметке тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Сергей Куянов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының Қоғаммен байланыс департаментін басқаратын болды. Оның айтуынша, жаңа қызметке ол бүгін, 15 қаңтарда кірісті.
"Мен жаңа қызметке келдім, жұмыспен танысып жатырмын. Әзірше жақсы не жаман деп ештеңе айта алмаймын. Бастапқыда барлығын түсініп алуым керек, мұнда ненің қалай жұмыс істейтінін түсінгім келеді", - деді Сергей Куянов.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың желтоқсанында Ахметжан Есімов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы болып тағайындалған еді. Ахметжан Есімов 2015 жылы тамыз айында "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ басқарма төрағасы етіп тағайындалған болатын.
Сондай-ақ, бүгін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ жаңа құрылымының бекітілгені хабарланған еді. Жаңа құрылымға сәйкес, басқарушы директорлар саны 10-нан 5-ке дейін, департаменттер мен құрылымдық бөлімшелер саны 37-ден 27-ге дейін қысқартылды және басқарма төрағасының орынбасары қызметіне бір штаттық бірлігі енгізілді.