10 нау, 2022 сағат 14:04

Сенатор Жезқазғанда ауыз сумен қамтамасыз етудегі проблеманы айтты


Сенатор Рысқали Әбдікеров еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатор Кеңгір су қоймасы – жезқазғандықтардың ауыз суының негізгі көзі екенін айта келіп, оның әлі күнге дейін жекеменшікте екенін, бірақ заң бойынша ол мемлекеттік меншікте болуы тиіс екенін атап өтті. Оны 1996 жылы Үкіметтің қаулысы бойынша мемлекеттік басқаруға қайтару керек болатын. 

«Бірақ бұл міндет әртүрлі сылтаумен орындалмады. Осылайша, стратегиялық маңызы зор нысан «Су кодексінің» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талабына сай жеке меншік қолынан мемлекет иелігіне қайтарылмай қалды. Қазір Кеңгір су қоймасы гидротехникалық құрылымдарымен бірге «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-нің иелігінде», - деді сенатор. 

Рысқали Әбдікеров сонымен қатар Жезді су қоймасына қатысты мәселелерді де айтты. Ол Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарын көкөністермен және ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге көмектесуі тиіс еді. 2011 жылы Үкімет қаулысында Жезді су қоймасын Талап суару жүйесінің магистральдық каналымен қайта жаңарту көзделген болатын. Өкінішке қарай, сенатор атап өткендей, өңірге арналған өзекті жоба қағаз жүзінде ғана қалды. 

«Осыған байланысты Кеңгір және Жезді су қоймаларының мәртебесі заңды түрде қашан реттеледі деген сұраққа жауап беруіңізді сұраймын, Жезқазған қаласын жер асты суымен толықтай қамтамасыз ету мәселесін шешу жоспары Үкіметте бар ма? Мемлекет басшысының өткен жылдың қазан айындағы «Үкімет әкімдікпен және корпорациямен бірлесе отырып, адамдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуді қысқа мерзімде және бір жарым жылдан аспайтын мерзім ішінде шешуі тиіс» деген тапсырмасы қандай мерзімде орындалады?»,- деді сенатор Әбдікеров өзінің депутаттық сауалында.