28 нау, 2019 сағат 10:25

Сенатор вице-премьерге еңбек дауына қатысты депутаттық сауал жолдады

Бүгін, яғни 28 наурыз күні өткен Сенат отырысында депутат Рысқали ӘБДІКЕРОВ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г.Н. Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолдады. 

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Г.Н. ӘБДІҚАЛЫҚОВАҒА

Құрметті Гүлшара Наушақызы!

Бүгінгі таңда елімізде Заңмен бекітілген ережелерге қарамастан жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауларын жиі кездестіруге болады. Еңбегі бағаланбай, әркімнің жемтігі болып, табанақы, маңдай термен тапқан ақшасын ала алмай зар илеген азаматтарымыздың саны азаймауда. Көптеген жұмыс берушілер  адамдардың қиын жағдайын пайдалана отырып еңбек шарттарын жасамай еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып жұмысшыларды жалдап, соңынан жалақасын бермеуді әдетке айналдыра бастаған.

Статитикалық мәліметтер көрсеткендей, еңбек дауларына қатысты сот істері де өсуде. Мәселен, 2017 жылы соттарда еңбекке ақы төлеу талаптарын бұзылуына қатысты 1 783 әкімшілік іс, ал 2018 жылы 1939 іс қаралған, яғни мұндай істер 1 жылдың ішінде 8,7 пайызға артқан.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалақы берешегі 139 кәсіпорындағы 6 мың 200 жұмыскердің алдында 1 млрд 940 млн теңгені құраған, оның 77 пайызы яғни 105-і (1,5 млрд теңге) банкротқа ұшыраған кәсіпорындар.

Мұның сыртында, әсіресе бүгінде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жұмысшылар да кезінде  шартқа отырмағандықтан жалақыларын уақытылы немесе мүлде ала алмай, ал кейбір жағдайларда жалақының орнына ауыл шаруашылығы өнімдерін алу фактілері де кездеседі (бидай, шөп, көкеніс және т.б.). Ал мұның салдары жұмысшы күшінің жетіспеушілігін туғызып, маман кадрлардың тұрақтамауына әкеліп соқтыруда.

Алайда, халықаралық тәжрибеде әлемнің бірқатар елдері, мәселен Қытай, Испания, Япония секілді мемлекеттерінде жұмыс берушілердің еңбекақыны төлеу талаптарын бұзу фактілері қылмыс ретінде танылып  жазалау шаралары қолданылады.

Сонымен, Конституция және Еңбек кодексімен кепілдік беретін жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесі бүгінгі таңда өзекті және бұл мәселені шешу Үкімет тарабынан тікелей араласуды қажет етеді.

Жоғарыда баяндалғанды және қозғалған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, Сізден:

- Бірінші кезекте жұмысшылардың  жалақысын беру мақсатында, содан соң басқа да міндетті төлемдерді өтелуін қамтамасыз ету бойынша «Банкроттық және оңалту туралы» Заңына өзгеріс енгізуді;  

- «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының  4 бабын 7 тармақшамен, яғни “Жұмыс берушінің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан табысын жоғалтқан жағдай” деген мазмұнмен толықтыруды;

- Бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу және оларды анықтап, азаматтардың еңбек саласындағы өз құқықтары жөніндегі хабардар болу деңгейін арттыруды;

- Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін  жауапқа тарту шараларын заңнамалық тұрғыда қатаңдату бойынша бақылауды күшейту және шаруа қожалықтарындағы еңбек қатынастарын бір жүйеге келтіру мәселелерін қарастыруыңызды сұраймын.

Депутаттық сауалды қарау нәтижесі туралы заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді өтінемін.

Құрметпен,

Р. ӘБДІКЕРОВ