Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенатының отырысында сенатор Нариман Төрағалиев Үкімет басшысы атына театрларда қызмет атқарып жүрген жас әртістердің әлеуметтік жағдайларындағы келеңсіздіктерге қатысты депутаттық сауал жолдады.
Сенатордың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда 68 театр (оның ішінде 52 мемлекеттік және 16 жеке меншік) театр жұмыс жасайды. Республикамыздың 52 мемлекеттік театрында 7533 адам, оның ішінде 1538 жас маман қызмет істейді, яғни барлық қызметкерлердің 20%. Мәдениет саласының, соның ішінде театр қызметкерлерімен кездесу барысында үнемі көтеріліп жүрген бірқатар мәселелерге тоқталығымыз келіп отыр, олардың бірі еңбекақы.
Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес, театрда қызмет істеп жүрген жас әртістердің шығармашылық құрам үшін орташа лауазымдық айлық жалақасы 59 мың теңгеден 76 мың теңгеге дейін, ал техникалық құрам үшін 43 мың теңгеден 49 мың теңгеге дейін қосымша төленетін ақыны қоса есептегенде. Ал қолдарына тиетін еңбекақы әрине одан да төмен. Келесі мәселе Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 209 бұйрығына сәйкес әртістер театрда 3 жыл қызмет атқарған соң, ең төменгі категорияны алуға құқығы бар. Ал жоғары категория алу үшін жас мамандар бірнеше жылдар еңбек ету керек, осы уақыттар ішінде олар жас мамандар қатарынан шығып қалуда.
Тағы бір жағдай баспана мәселесі, республика бойынша 1538 жас әртістеріміздің 3,7% қызметтік пәтермен, 9,7% жатақханалармен қамтылған, ал 33,8% ата-аналарымен бірге, қалған 42,5% пәтерді жалға алуға мәжбүр. «7—20—25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысу үшін төлем қабілеттілігі, яғни несиені төлеуге мүмкіндік беретін жеткілікті және тұрақты табысының болмауы, олардың тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндіктерінің жоқтығы және басқа мамандықтар сияқты тұрғын үйді әлеуметтік жалға алу мүмкіндіктерінің қарастырылмағаны.
Аталған жағдайлар, өз кезегінде театрдағы жас мамандарды ешқандай ынталандырмайтыны анық, керісінше жас мамандардың басқа салаларға кетуіне, әсіресе ауылдық жерлерде мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Біздің ойымызша, аталған жағдайдың қалыптасуына театр жұмысшыларына әлеуметтік қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібі мен тетіктерінің жоқтығы, екіншіден жауапты мемлекеттік органдардың тарапынан қолдаудың болмауы әсер етіп отыр деп есептейміз.
Сенатор Н.Төрағалиев Үкімет тарапынан жас әртістерге көрсетілуге тиісті қолдаулар қандай болуы керек екенін де атап көрсетті.
Бірінші, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына театр әртістерінің жалақысын өсіруге қатысты өзгерістер енгізу қажет;
Екінші, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 209 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мәдениет ұйымдары басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына» сәйкес қатегорияларын алу мерзімдерін қысқарту керек;
Үшінші, «7—20—25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан алғашқы жарна сертификаттарымен қамтамасыз ететін мүмкіндіктерді қарастырыруға тиіс.
Төртінші, «Нұрлы жер» бағдарламасымен қарастырылған тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігінсіз жалға беру мүмкіндіктерін қарастыру да өте маңызды.
Депутат осы мәселелерді қоя отырып, Үкімет басшысынан тиісті мемлекеттік органдарға жас әртістердің еңбекақысын көтеру және тұрғын үй бағдарламаларына қатысуды қамтамасыз ететін мүмкіндіктерді қарастыру жөнінде тапсырма беруді сұрады.