09 жел, 2016 сағат 13:52

Сенат мақұлдаған заң жобасы лаңкестік үшін жауапкершілікті күшейтеді

- Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Заң жобасын таныстыру барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаевтың атап өтуінше, лаңкестік пен экстремистік қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтететін атап өтті.

«Ұсынылып отырған заң жобасы Елбасының осы жылғы маусым айындағы Қауіпсіздік Кеңесінде берген тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасын дайындау барысында соңғы кездері елімізде және басқа да мемлекеттерде болып жатқан лаңкестік қылмыстардың орын алу себептері, оларға қарсы күрестегі оң нәтижелер ескерілді», - деді Қалқабаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қарастырылып отырған заң жобасының негізгі мақсаты экстремизмге және лаңкестікке, қару-жарақ айналымына қарсы іс-қимыл мен көші-қонды реттеу салаларында заңнаманы жетілдіру болып табылады. Заң жобасы азаматтарды, қоғамды және мемлекетті қатерден қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.

Аталған заң жобасын талқылау барысында үкіметтік емес сектор, қоғамдық ұйымдар мен отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен кеңінен пікір алмасулар болды.

Осыған байланысты ішкі мигранттарды тіркеу туралы мәселе қызу талқыға түсті. Онда қару-жарақ айналымын, оны сақтау тәртібін бақылауды күшейту, оның ішінде азаматтық, қызметтік қару және оқ-дәрі айналымы, сондай-ақ күзет қызметін жүзеге асыру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін жүзеге асыру ескерілген.

Бұдан бөлек, экстремизм мен терроризм үшін, оның ішінде халықаралық лаңкестік ұйымдарға және шетелдік қарулы жанжалдарға қатысқаны үшін жазаға тарту шараларын күшейту, лаңкестікке ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салу қамтылған. 

Сонымен қатар терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтамағаны үшін, сондай-ақ қолданылуы міндетті техникалық құралдардың жарамсыздығы үшін күзет құрылымдарының және лаңкестік жағынан осал нысандар иелерінің әкімшілік жауапкершілігін енгізу көзделіп отыр.