18 нау, 2021 сағат 08:48

Сенат Болгариямен сотталғандарды беруге қатысты құжатты қабылдады

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұған дейін Қазақстан мен Болгария арасында адамдарды ұстап беру және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттарға ратификация жасалды. Енді соңғы келісімді ұсынып отырмыз – ол сотталған адамдарды беру туралы. Қылмыстық салада әріптестік осы Шартпен аяқталмақ. Келісім халықаралық тәжірибеде қалыптасқан үлгі негізде жасалған. Шарт, ел аумағынан тыс жерлерде жүрген азаматтарымызды қорғау және оларға қамқорлық жасау туралы контитуциялық міндеттерді орындауға бағытталған», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов. 

Келісімнің басты ережесі – сотталған адамдарды өз елінде жазасын өтеу үшін беру және олармен алмасу тәртібін реттеу.

«Енді оның талаптарына тоқталсақ. Сотталған адамды беру үшін ең алдымен сотталған адам екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс, екі елде де қылмыс болып саналатын әрекет үшін сотталған болуы керек, сұрау алынған кезде үкім заңды күшіне енген болуы тиіс және кемінде 6 ай өтейтін уақыты қалуы керек. Сонымен қатар, сотталған адамның жазбаша келісімі керек және екі ел де беруге келісуі қажет. Осы айтылған талаптар сақталмаса, адам берілмейді», - деп түсіндірді ол. 

Қазір елімізде де, Болгарияда да сотталған азаматтар жоқ. Жалпы екі ел арасында қарым-қатынас жақсы дамып келеді. 

«Бұндай шарттар 21 елмен жасалған. Бұл құжат адам құқықтарына тікелей қатысты. Сол себепті «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңға сай ратификация жасауға жатады», - деді М. Ахметжанов.