01 ақп, 2021 сағат 12:22

Семейде бір апта ішінде 200-ден астам адамға вакцина салынбақ

Семей қаласында бір апта ішінде 215 адамға вакцина салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шаһардағы перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінің қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы екпе алды. 

«Пандемия тез аяқталып, қалыпты өмір салтына тезірек оралу үшін вакцина салдыруымыз қажет. Вирусқа қарсы вакцинацияланған адам басқаларға қауіп төндірмейді. Сондықтан жерлестерімді вакцина алуға шақырамын», - дейді орталық қызметкері Іңкәр Шохатова.

Екі компонентті вакцинаның бірінші дозасын алғаннан кейін, екіншісін 21 күннен кейін салдыру керек. Егер алдағы үш аптада созылмалы аурулар өршіп кетпесе және денсаулық жағдайы нашарламаса, онда вакцинацияның екінші кезеңі болады.

Қала бойынша алғашқы екпені ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы алған.

«Семей қаласында алғашқылардың бірі болып осы вакцинаны өзім алдым. Өзімді бұрынғыдай жақсы сезінемін. Емханада барлық жағдай жасалған. Дәрігер келушілердің жалпы жағдайын тексеріп барып қана вакцинациялауға бола ма, жоқ па соны шешеді», - деді Думан Берікұлы.

Айта кетейік, қалаға барлығы 650 доза вакцина келіп түскен. Бір апта ішінде 215 адамға егпе салу жоспарлануда.