11 нау, 2025 сағат 15:56

Семейде айналма жол салу жоспарлануда: Тоқаев Абай облысы әкімін қабылдады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz

Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған даму жоспары таныстырылды.

Облыс әкімі жергілікті бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіне жан-жақты талдау жүргізілгенін жеткізді. Соның нәтижесінде қаржыландырудың басым бағыттары анықталды. Ал үнемделген қаражат өзекті мәселелерді шешуге жұмсалады.

Облыс әкімінің баяндамасынан:

  • - жергілікті бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіне жан-жақты талдау жүргізілген. Үнемделген қаражат өзекті мәселелерді шешуге жұмсалады;
  • - 2028 жылға дейін жалпы құны 2,2 триллион теңге болатын және 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 24 инвестициялық жобаның тізімі жасақталған;
  • - «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 нысанның және оқушылар сарайының құрылысы қолға алынған;
  • - аспалы көпірді реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, Ертіс өзені арқылы өтетін тағы бір көпір салынып жатыр;
  • - Семей қаласында айналма жол салу мәселесі пысықталуда.

Мемлекет басшысы облыс әкіміне Үкіметпен бірге өңірді қарқынды дамыту жолдарын қарастырып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін өркендету, жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашу, облыс орталығын абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытында шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды.