Фото: a2seven.ru
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында Үкімет алдына еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша бірқатар жаңа міндеттер белгіледі. Нәтижесінде мемлекет ауыл шаруашылық өндірісін тұрақты дамыту бойынша ауқымды жобаларды іске асырып жатыр.
«Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз», - делінген сайлауалды бағдарламада.
Осы және өзге мәселелер жөнінде экономика ғылымдарының докторы, зерттеуші-ғалым Оңалбек Абралиевпен әңгімелесіп, елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөнінде сұхбаттасқан едік.
- Оңалбек Алтыбайұлы, Президент былтыр өзінің сайлауалды бағдарламасында және биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында АӨК басым бағыттарын атаған болатын. Соның ішінде ет, сүт, астық, жылыжай, құс фабрикаларын құру, жеміс-жидек сақтау қоймаларын және етті мал шаруашылығын дамыту мәселесі өзекті болып тұр. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесі қалай шешілуде?
- Бәсекеге қабілетті азық-түлікті өндіру және әлемдік нарық кеңістігінде сұранысқа ие болатын сапалы өнімдерді өндіру тек инновациялық технологияларды енгізу арқылы жүзеге асады. Ауылшарушылығы саласында қолданылып жатқан техниканың 80% ескірген. Осыған орай шаруа қожалықтарына, фермерлерге және ауылшаруашылық кооперативтеріне техника алуға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша -46,6 млрд тенге бөлініп отыр. Сонымен қатар 2023 жылы сүт-тауарлы фермаларының салу және жаңартуға жеңілдетілген несиеге 100 млрд тенге бағытталды. Ауылшаруашылығы саласында басым бағыттар қатары кеңеюде: етті мал шаруашлыығы (1 мың бас), жеміс сақтау қоймалары (1 мың тонна), интенсивті бау (алма бақтары, жеміс-жидек 5 га жоғары), жылыжай кешендері, балық шаруашылықтары (жылына 25 тонна балық тауарлары). Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу, соның ішінде жүн және тері. Мемлекетіміз азық-түлікті экспорттауда жетекші орында, егістік жерлердің аумағы 24 млн гектар, жылына орта есеппен 17-20 млн тонна аралығында астық жинаймыз. Оның 7 млн тоннасы ішкі қажеттілікке және 8-10 млн тоннасы экспортқа жіберіледі. Бүгінгі кезде ауыл шаруашылық саласында 230 мыңнан астам ауыл шаруашылық құрылымдары жұмыс жасауда. Еліміздің 17 облысындағы өңірлерінде 23 тәжірибе станциялары өсімдік және мал шаруашылығы салалары бойынша өздерінің ғылыми зерттеулерін жүргізіп, оң нәтижелерін өндіріске енгізуде.
- Ауылдық елді мекендерді дамыту болашағы қалай болмақ?
- Еліміз индустриалды-аграрлы ел және ұлан-ғайыр территориямыз әлемде 9 орын алады, дала өркениетіне бейімделген ауылшаруашылық саласын дамытудың болашағы өте зор. Жақында егеменді еліміздің халқы 20 млн адамға жетті, оның 7,6 млн (38 %) -6295 ауылдық елді мекендерде тұрады. Ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыру мемлекетіміздің басым бағыттарының біріне жатады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді». Осыған орай, елімізде ауылшаруашылық саласындағы 230,4 мыңнан астам ауылшаруашылық құрылымдарының еңбек өнімділігін арттыру, әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті қазақстандық өнімдерді экспорттау, ішкі нарықта 20 млн. халқымызды сапалы отандық азық-түлікпен қамтамасыз жасауды 80 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ауылшаруашылық саласын дамытудың зор мүмкіндіктер бар: білімді де белсенді еңбек ресурстарының болуы, өте мол шикізат ресурстарының болуы; интернет арқылы кез-келген ақпараттарды алу мүмкіндігі; қол жетімді әр түрлі несие ресурстары бар; заманауи технологияны қолдану жағдайының болуы; экспортқа өз бұйымдарын экспорттау мүмкіндіктері ЕО (27 мемлекет-502 млн адам), Евразия одағы елдеріне (166 млн адам- Ресей, Белорусь, Армения, Қырғызстан), Орта Азия елдері (52,5 млн адам) Батыс Қытай-Батыс-Еуропа халықаралық автомобиль жолының мүмкіндіктерін пайдалану; Ақтаудағы "Құрық” айлағы арқылы Әзербайджан, Грузия, Иран тағы басқа елдерге.
- Ауылдың IV деңгейлі бюджет жобасын зерттеп жүргеніңізді білеміз. Бұл туралы не айтар едіңіз?
- Айтып отырғаныңыз өте орынды, мемлекеттік және жергілікті басқару органдарын жетілдіру бағытында 2023 жылдың 5 қарашасында 45 ауданның әкімдерін, ал 2022 жылы 600 ауыл әкімдерін жергілікті тұрғындар сайлады. Жергілікті ауыл IV бюджетін қалыптастырдық, ауыл бюджетіне 7 түрлі салық түрлері берілді. Бюджеттің IV деңгейі - жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігі. Ауыл бюджеті тұрғын халықтың мүдделерін ескере отырп, қаражатты тиімді жоспарлау мен бөлуге мүмкіндік береді. Бұл 6295 ауылдар инфрақұрылымын және тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы деңгейін арттыруға көмектеседі. Еліміздегі 168 ауданның 65 ауданы шекаралас аймақтарда орналасқан және олардағы елді мекендерді дамыту мемлекеттіміздің тұрақты дамуының кепілі екенін естен шығармауымыз керек. Биыл шекара маңында орналасқан 2 облыста жаңадан 3 аудан құрылды Шығыс Қазақстан облысында: Катонқарағай, Марқакөл және Абай облысында Мақаншы. Шекаралас аудандарды құру арқылы сол өңірдің экономикасын дамыта отырып, тұрғын халықтың ауылдарда тұрақтануына жағдай жасалып жатыр.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында су ресурстары және ирригация министрлігін құруды тапсырған болатын. Бұл тапсырманың нәтижелері қандай екен?
- Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды және аймақтарда су қоймалары мен үнемді инновациялық технологияларды енгізу жобаларын енгізу бағытында жұмыс жасауда. Қазақстан Республикасының 17 облысындағы 6295 елді мекендердің 65-70% шөл және шөлейтті аймақта орналасқандықтан, 20 млн халықтың жан басына шаққанда сумен қамтамасыз етілуі жағынан Орта Азия елдерінде ең соңғы орында тұр. Су ресурстарымыз негізінен басқа мемлекеттерден бастау алады: ҚХР (Ертіс, Іле), Орталық Азия елдерінен (Сырдария, Талас, Шу), Ресейден (Еділ, Жайық) трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Суармалы жерлердің 80% негізінен оңтүстік экономикалық аудандағы 5 облыста орналасқан: Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда. Еліміздегі ауылшаруашылығындағы суармалы жерлердің ауданы 1,8 млн га, 2025-2030 жылға қарай 3 млн жеткізу жоспарланып отыр Яғни су ресурстары және ирригация министрлігі ауылшаруашылығы саласында дақылдардың түсімін арттыруда әлемдік озық тәжірибелерді қолдану бағытында жаңа 20 астам жобаларды жүзеге асыруда.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым, жалпы еліміз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен өзін өзі толық қаматамасыз ете алады. Бұған Қазақстанның қауқары жетеді. Бізде ауыл шаруашылығын дамытудың барлық алғышарттары бар. Ауыл шаруашылығын жолға қойып, ел экономикасын көтеру үшін қаншама бағдарламалар іске қосылды. Яғни өзімізді сапалы азық-түлік өнімдерімен толық қамтитын күн де жақын. Өйткені қазіргі Президентіміз ауыл шаруашылығын дамытып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр. Түрлі бағдарламаларды қабылдаған соң міндетті түрде оның игіліктері болады. Еліміздің ауыл шаруашылығын алға ілгерілету үшін атқаратын жұмыстар шаш-етектен. Тек бізге тезірек етек-жеңімізді жинап, нақты іс-шараларға ден қою керек. Ғылыми-практикалық есепке сүйеніп, сауатты іс-әрекетке көшсек, ауыл шаруашылығы - Қазақстан ел экономикасының драйверіне айналары сөзсіз.
Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Меруерт Төленова