
«Qazaqstan» ұлттық арнасында алдағы сайлауға қатысатын бес саяси партияның мүшелері теледебат өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Теледебатқа «Ауыл» партиясының атынан Дәулеткерей Кәпұлы, «Nur Otan» партиясының атынан Айдос Сарым, «Ақ жол» партиясының атынан Берік Дүйсенбинов, «Adal» партиясының атынан Мақсат Толықбай, Қазақстан халық партиясынан Ғазиз Құлахметов қатысты.
Теледебат бірнеше кезеңге бөліне ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде партия өкілдері өз атынан бағдарламаларын таныстырып, тележүргізушінің сұрағына жауап берді. Бұл кезеңде партияның өкілдері сайлаушыларға шағын үгіт-насихат жүргізіп, өз бағдарламаларының басымдықтарын атады.
Екінші кезеңде партиялардың өкілдері бір-біріне сұрақ қойды. Атап айтқанда, ұлттық құндылықтарды сақтау, еуропалық өмір салтын кіріктіру, декоммунизация, аналар мен балаларға қарсы қылмысты тоқтату, жемқорлықпен күрес мәселелеріне қатысты сауалдар жолданды. Аталмыш кезеңде өкілдер сұрақтарға шама-шарқынша жауап беруге тырысты.
Үшінші кезеңде партиялардың өкілдері халық тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Төртінші кезеңде оларға халыққа үндеу жасау үшін уақыт берілді.
