06 нау, 2019 сағат 13:19

Сауытбек Абдрахманов барымташы және мал ұрыларына қатысты түсінік берді

 

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бір топ депутат еліміздің аумағында мал ұрлығына тосқауыл қою мәселесін көтерді. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Алдымен мәселенің затынан бұрын атын анықтап алайық. Біздің депутаттық сауалымызға арқау болып отырған мәселе - мал ұрлығы. Барымташылық емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында, кейде тіпті қылмыстық хроникада «Барымташылар басынып барады» немесе «Барымташылар бұғалықталды» деген сияқты дыбыс үндестігіне құрылған сөз тіркестері қолданылып жататыны бар. Қате айтылған сөз. Барымта - тарихи ұғым. Байырғы қазақ қоғамындағы құн дауына, жесір дауына, жер дауына, басқа да даулы мәселелерге байланысты билер кескен құн мөлшерін айыпты жақ өтей алмағанда, құн даулаушылардың қарсы жақтан өрістегі жылқыларды шауып, айдап әкетуін барымта деген. Кейде барымтаның әділеттілікті қалпына келтіруге септескен жайлары да кездескен. Сондықтан ағайынның ақысын жібермей, тиісті құнды амалсыздан осындай жолмен қайтаратын намысты, қарулы жігіттерді барымташы деп дәріптеп қоятыны да болған. Ал айдың, күннің аманында айдаладағы малды айдап алатындарды, түн жамылып бөгде қораға баратындарды, жазықсыз жандардың обалына қалатындарды басқаша айтқан. Оларды баукеспе деген, ұры деген, қарақшы деген», - деп түсіндірді С. Абдрахманов.

Осы орайда депутат ауыл тұрғындары, «Қазақстан фермерлері одағы» талай жылдан бері дәл осы мал ұрылары жөніндегі мәселені қайта-қайта көтеріп жатқанын еске салды.

«Алайда, Ішкі істер министрлігі тарапынан қылмыскерлердің, соның ішінде ұйымдасқан қылмысты топтар құрамында әрекет ететіндердің мал ұрлауын анықтауында, ұстауында ілгерілеу байқалмайды. Олар малды ұрлаудан, тасып әкетуден, союдан, етті базарға шығарудан құрылатын қылмыстық істер тізбегін емін-еркін жалғастырып жатыр. Полиция қызметінің осы қылмыс түрімен күресінде жүйелілік, талапшылдық, жеделдік және жұртшылықпен байланыс жетіспейді», - деді ол.

Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, соңғы екі жылдың ішінде елімізде бұл қылмыс түрінің 12 мың оқиғасы тіркелген. Басқаша айтқанда, Қазақстанда бүгінде күн сайын мал ұрлаудың 16 оқиғасы орын алады. Шектен шыққан жайлар да кездеседі. Енді ұрылар малды үйірлеп әкетуге кіріскен. Мұндай мысалдарды барлық облыстардан келтіре беруге болады.

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Осы проблемаға байланысты Сізден мемлекеттік құрылымдарға тиісті тапсырмалар беруіңізді сұраймыз. Біріншіден, мал ұрлығымен күресті күшейту жөнінде мақсатты жұмыс жүргізу, бұл іске барлық деңгейдегі әкімдіктердің күшін, Ішкі істер министрлігінің аудандық, облыстық және республикалық құрылымдарының барша әлеуетін, техникалық мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Екіншіден, Ішкі істер министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық инспекциясымен бірлесе отырып, базарларға, қоғамдық тамақтандыру орындарына, соның ішінде әскери бөлімшелер мен медицина мекемелеріне түсетін еттің қайдан, қалай келетінін анықтаудың дәлме-дәл тәртібін айқындауға тиіс», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Мұнымен қоса, облыстық әкімдіктер жергілікті полицияның ауылдық жердегі құрылымдарын техникалық және кадрлық тұрғыдан күшейту жөнінде нақты қадамдар жасауы керектігі айтылды. Ауыл әкімдері мал ұрлауды, сойылған етті сатуды кәсіп ететіндерді анықтауға бар күшті жұмсағаны жөн.

«Кімнің не істеп жүргенін ауылдағылар білмейді емес, біледі. Олар не мал ұрыларын әшкерелеуден қорқады, не жалған ағайыншылдықтан аса алмайды», - деді депутат.