08 ақп, 2019 сағат 10:26

Тоқаев: ЕАЭО-да кәсіпкерлеріміз "астыртын" кедергілерге тап болып отыр

Бүгін Сенатта маңызды жиын өтті. Үкімет сағатында Еуразиялық экономикалық одақтағы Қазақстанның сауда саясатын іске асыру мәселелері талқыланып, өзекті ойлар айтылды.

Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде 2019 жыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін маңызы айрықша жыл екенін атап өтіп, тереңірек талдау жасады. Биылғы жыл Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылғанына бес жыл және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен Еуразиялық интеграция идеясына жиырма бес жыл толмақ. Бұл айтулы дата елеусіз қалмай, нақты нәтижелер де ел назарына ұсынылуы тиіс.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет сағатында сөйлеген сөзін назарға алсақ, бірқатар мәселенің бас көтерері анық.

"Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің және капиталдың ортақ нарығын қалыптастыру үшін қуатты институционалдық негіз жасалды, Одаққа мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін тиімді форматтар қалыптасты", деп бастады сөзін Сенат спикері.

Сенат Төрағасының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық экономикалық байланыстардағы салмағы артып, халықаралық қоғамдастықта маңызды факторға айналып отыр. Ішкі жалпы өнімінің көлемі 2 триллионға жуық АҚШ долларын құрайтын, халқының саны 180 миллионнан асатын Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық жасауға әлемнің көптеген мемлекеттері қызығушылық танытуда. Бүгінде Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды, басқа елдермен де осындай аймақты құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Еуразиялық экономикалық одақтың көліктік-транзиттік әлеуетінен үлкен үміт күтуге болады. Аталған жобаны Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен ұштастырудың болашағы зор. Бұл Еуразия кеңістігіндегі сауда-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. 

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Парламенттері мен Үкіметтері тарапынан Одақтың құқықтық базасын құру жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр екен. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданған 20-дан астам халықаралық құжат ратификацияланған.

"Өткен жылдан бері Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі күшіне енді. Аталған кодекс кедендік тәртіптің ережелерін айтарлықтай жеңілдетті және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кедендік органдары арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға ықпал етті. Бұл электрондық құжат айналымын пайдаланудың және кедендік реттеуді бірізге түсірудің нәтижесі екенін атап өту қажет", - дейді ол.

Сыртқы ахуалда қалыптасқан қолайсыз жағдайлар мен тәуекелдерге қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ішкі және сыртқы сауданың дамуында оң өзгерістерге қол жеткізу мүмкін болған. 2018 жылғы қаңтар айынан қазан айына дейінгі аралықта Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,2 пайызға артып, 15,5 млрд АҚШ долларын құраған.

"Бүгін біз Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде сауда саясатының іске асырылу барысы туралы сөз қозғап отырмыз. Сауда саясаты - ұлттық экономиканың аса маңызды бағыты", - дей келе, алдағы уақытта интеграциялық байланыстарды нығайту, тауар айналымындағы кедергілерді жою, баға қалыптастыру, кедендік реттеу және инвестициялық мүмкіндіктерді дамыту мәселелері – Еуразиялық экономикалық одақтың күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін атап өтті.

Өткен жылы 6 желтоқсанда Одаққа мүше елдердің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларация қабылдап, Одақтың келешектегі даму бағдарын айқындаған.

Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығының тиімділігін барынша қамтамасыз ету және кедергілерді толығымен жою, Одақ нарығындағы тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін айналымындағы шектеулерді барынша қысқарту арқылы бизнес пен тұтынушыларға арналған мүмкіндіктерді кеңейту - негізгі бағыттардың қатарында. 

"Соған қарамастан, әлі күнге дейін мүше мемлекеттер тарапынан серіктес елдердің мүдделері ескерілмей, өз ішкі нарықтарын қорғау мақсатын көздейтін шаралар орын алуда. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі еркін саудаға айтарлықтай тосқауыл болып отырған түйткілдердің қатарында өзара сауданы жүзеге асыру, тауарларды транзиттеу және ішкі нарыққа қол жеткізу кезіндегі қиындықтар, жекелеген тауарлардың әкелінуіне шектеу қою мәселелері, жергілікті билік органдары тарапынан жасалатын кедергілер бар", - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сенат Төрағасы осылайша маңызды мәселенің шетін шығарып, жергілікті билік тарапынан жасалатын кедергілердің бар екенін ашық айтты.

"Декларациялауды талап ететін кедендік шекаралардың болмауына қарамастан, кәсіпкерлеріміз бірқатар "астыртын" кедергілерге тап болып отыр. Мұндай жағдай сыртқы саудаға теріс әсер етеді, бизнес қоғамдастығының еуразиялық интеграцияға деген сенімсіздігін тудырады және интеграцияның дамуына қиындықтар келтіреді", - дейді ол сөзінде.

Тоқаевтың айтуынша, әлемдік қаржы және тауар нарықтарында орын алып отырған тұрақсыздық, санкциялық текетірестер Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуетіне теріс ықпал етіп отырғаны анық. Бұл мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық саясатын үйлестіру жұмысын оңтайландыруды талап етеді. Үкімет бизнес қоғамдастығы өкілдерінің назарын Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығын қалыптастыру барысында ашылатын мүмкіндіктерге аударуы қажет. 

"Атап айтқанда, алдағы уақытта құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың электр энергетикалық нарығының аясында Қазақстан отандық электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болып отыр. 2025 жылға қарай Одақ шеңберінде газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасады. Осы бағытқа ерекше мән беріп қарағанымыз жөн. Біз ішкі нарықта жанар-жағар майдың бөлшек саудадағы бағасының өсуіне жол бермеуге тиіспіз", - дейді ол.

Одақ шеңберінде қазақстандық тауарлардың транзиті мен тасымалдануын жеңілдету үшін, сондай-ақ Одақ елдеріндегі серіктестермен байланыстарды дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі Цифрлық күн тәртібінің аясында цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру өте маңызды. Бірыңғай цифрлық кеңістікті дамыту шаралары экономикалық тұрғыдан нақты нәтижелер беруі тиіс. Осы тұста Еуразиялық электрондық еңбек биржасын құру жөніндегі Қазақстанның маңызды бастамасын атап өту қажет. 

Одаққа мүше мемлекеттердің бір-біріне мемлекеттік сатып алу саласында өзара ұлттық режимді ұсынуы Отандық бизнес үшін үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу мүмкіндігі қазақстандық бизнес үшін көлемі шамамен 102 млрд. АҚШ доллары болатын нарыққа жол ашады. Бұл отандық мемлекеттік сатып алу нарығынан 12 есе үлкен. 

"Еуразиялық интеграция, ең алдымен, экономикалық ұтымдылыққа негізделуге тиіс. Сондықтан экономикалық мүдделер интеграциялық процестердің негізгі қозғаушы күшіне айналуы керек.  Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа жиі түзетулер енгізу басты міндет емес екенін түсіну қажет. Бұл жалпы интеграцияның түпкі мәнін бұрмалауға әкеліп соғуы мүмкін. Барлық ұсыныстар өте мұқият талданып, бағаланғаны дұрыс. Қазіргі құбылмалы кезеңде Қазақстан Үкіметі өз елімізде шығаруға болатын тауарларды сырттан тасудан нарықты арашалау үшін отандық тауар өндірушілерді тиімді негізде қорғауға күш-жігер салуға тиіс. Интеграциялық ұйымдар немесе жекелеген мемлекеттер шеңберінде жасалатын келіссөздерде берік көзқарасты ұстану қажет". Бұл - Сенат спикері айтқан негізгі ойлардың бір парасы. 

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, отандық сыртқы сауда саясаты анағұрлым қарқынды әрі белсенді салаға айналуы тиіс. Бұл бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканың дамуына оң ықпал ететін болады.

Тоқаевтың "Біз алдымызда тұрған қиындықтарды интеграцияның қарқынын бәсеңдетіп алмай еңсеруіміз керек. Еуразиялық экономикалық одақ резервтерінің әлеуеті одан әрі дамуды қамтамасыз етуге, экономикалық интеграцияны тереңдете түсуге қабілетті" деген сөзі көпшілік көкейіндегі ойды дөп басары анық. 

Спикер атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ қалыпты дамуы тиіс. Асығыстыққа жол берсек, ұйымның беделіне нұқсан келтіруіміз мүмкін. Сондықтан біз ұйымның негізгі міндеті - интеграцияны және өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жұмысты жалғастыра беруіміз қажет. Одақ шеңберіндегі барлық шешімдер өзара келісім негізінде, отандық бизнес пен біздің азаматтарымыздың мүдделерін ескере отырып қабылдануы тиіс. 

Иә, Экономикалық интеграцияның артықшылықтарын, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары сезінуі керек. 

Үкімет сағатындағы талқылау Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ұлттық сауда саясатын жетілдіруге ықпал етері сөзсіз.