09 қар, 2016 сағат 09:13

Сауд Арабиясындағы қазақстандық студенттер терроризм бойынша айыпталды - елші

- Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бақыт Батыршаевтың айтуынша, бүгінде ол жерде діни білім алып жүрген қазақстандықтар Ислам дінінің барлық мазһабтарын оқиды. Олардың ішінде терроризмге қатысы бар деген күдікпен ұсталғандар да бар, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгінде Сауд Арабиясында 95 қазақстандық студент білім алып жүр. Олардың басым бөлігі Медина ислам университетінде оқиды. «Аталған жоғары оқу орнында төрт мазһабтың барлығы оқытылады. Енді, ол университетке әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар келіп, дәріс оқиды. Сондықтан жастардың теріс ағымда кетіп қалу қаупі бар. Ондай жағдайлар бар деп айта аламын. Оның кейбір нышандарын біз байқап та, көріп те отырмыз», - дейді Б.Батыршаев.

Елшінің сөзіне қарағанда, діни білім алып жүрген студенттерді үнемі бақылауда ұстап отырады. Ал келеңсіз жағдайлар болса, тиісті шаралар қолға алынады.

«Мәселен, биыл терроризм айыбымен біздің жеті азаматымыз ұсталды. Қазір бесеуі Қазақстанға қайтарылды. Біреуі қайтарылу үстінде. Бұдан бөлек, тағы бір азаматымызды терроризмге қатысы бар деген күдікпен тергеп жатыр. Барлығы студенттердің қатарынан», - деп атап көрсетті Б.Батыршаев.