
Сарыағаш ауданында 150-ге жуық адам жиналып көкпар ұйымдастырған, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларының негізінде, карантин режимі кезінде бірқатар шектеу қойылған. Осы бағытта Сарыағаш аудандық ПБ полицейлері карантин режимін және шектеу шарасын сақтау үшін құрылған топпен бірге профилактикалық жұмысты жүргізіп келеді.
«Осындай кезекті рейд барысында күндізгі сағат 15:30 шамасында Сарыағаш ауданындағы ауылдың бірінде көкпар өткізіліп жатқаны анықталған. 150-ге жуық адам жиналып «Бата көкпар» ұйымдастырып, карантин режимін және шектеу шараларын сақтамаған 60 жастағы тұрғынға қатысты іс-құжат жиналды. Қылмысьық кодекстің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша жинақталған құжаттар Сарыағаш аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне жолданды», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Сарыағаш ауданында жасырын түрде 10-ға жуық көкпар ұйымдастырылған.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарды карантин режимін қатаң сақтауға, медициналық бетперде киюге және әлеуметтік қашықты сақтауға шақырады.
