Сарайшықты Жошы ұлысы тарихынан бөліп алмауға болмайды. Бұл туралы елордада өткен «Сарайшық - Ұлы дала мұрағаты: мемлекеттік және тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сарайшықты Жошы ұлысы тарихынан бөліп қарауға болмайды. Бізде осындай кезең, осындай мәдениетіміз болған деген идеяны жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін Сарайшықты Жошы ұлысындағы тарихи кезеңіндегі жағдаймен үйлестіріп түсіндіруіміз керек», - дейді археолог Зейнолла Самашев.
Оның айтуынша, Сарайшықтан бастап Алтайға дейінгі кеңістіктің бәрінде Алтын Орда мемлекетінің ізі бар.
«Мен Сарайшықты 1988 жылы зерттей бастадым. Сол кездегі ең бірінші қиын мәселе - Сарайшықтың мәдени қабаттарын су шайып кетуден қорғау болатын. Сол уақытта көтерілген мәселе былтыр шешілді. Сол кезде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев 2 млрд теңге шамасында қаржы бөлдіріп, олқылықтың орны толтырылды», - дейді ол.