27 қаз, 2017 сағат 13:54

Сара Назарбаева Алматыда өткен халықаралық форумға арнайы келді (Видео)

Алматыда рухани-адамгершілік даму мәселелеріне арналған халықаралық педагогикалық форум өз жұмысын бастады. Үш күнге созылатын жиынға шетел және отандық ғалым, ұстаздар қатысуда. Шарада бала тәрбиесі, мұғалімнің қоғамдағы рөлі, адамзаттың жан тыныштығы сияқты мәселелер сөз болды. "Өзін-өзі тану" пәнінің негізін қалаушы Сара Назарбаева форумға арнайы келіп, "Бөбек" қорын 20 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы арнасына сілтеме жасап.

"Біздің алдымызда өскелең ұрпақты шынайылыққа, мейірімділік пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу миссиясы тұр. Барлығыңызды адам құндылықтарын басты бағыт еткен "Өзін-өзі тану" ілімінің 20 жылдығымен құттықтаймын. Адамгершілікке баулып, мейірімділік жасауға өз үлесін қосып жүрген ғалым, педагогтарға, әдіскерлерге, "Бөбектің" бастамаларын қолдаушыларға шынайы алғыс айтамын", - деді "Бөбек" республикалық балалар қайырымдылық қорының президенті Сара Назарбаева. 

"Бөбек" орталығы жұмысын бастағалы бері оның құрамында гуманитарлы колледж, гимназия, "Өзін-өзі тану" балабақшасы мен астрономиялық обсерватория жұмыс істейді. Бұл білім ордаларынан түлеген жастар өмірдің кез келген саласында өз орнын тауып үлгерген. Мұғалімдерге де жағдай жасалып, олардың кәсібилігін жоғарылатуға айрықша көңіл бөлінген. Қордың мерейтойын құттықтауға қала әкімі Бауыржан Байбек келіп, орталықтың білім саласына қосқан үлесін  атап өтті.

"Бөбек" орталығы өзін-өзі тану бағдарламасын жүзеге асырып келе жатқан жаңа сипаттағы білім беру бесігі екендігі баршамызға белгелі. Осы уақыттың ішінде заманауи тәсілдерді игерген орталық ұжымы балаларды жалпы адамдық құндылықтармен сусындата отырып, елінің патриоты болуға тәрбиелеуде елеулі табыстарға қол жеткізді", - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

"20 жылда "Бөбек" орталығы өскелең ұрпақтың рухани адамгершілік мәдениетін дамытуға, білім беру саласында адами қасиетті оқып үйренуге көп жағдай жасады. Балаларға және қолдау қажет ететін жандарға көмек көрсетіп, қорған болды", - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.