19 жел, 2019 сағат 08:03

Сапарбаев Жаңаөзен тұрғындарымен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуге Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, вице-министрлер: білім және ғылым - Шолпан Каринова, денсаулық сақтау - Ләззат Ақтаева, мәдениет және спорт - Елдос Рамазанов, ақпарат және қоғамдық даму - Дания Есін, сонымен қатар кәсіподақ федрациясының төрағасы Ералы Тұғжанов қатысты.

Вице-премьер сөз сөйлеу кезінде тұрғындарды Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын арттыру, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларын дамытуға арналған тапсырмасының жүзеге асу барысынан хабардар етті.

Бердібек Сапарбаев жаңаөзендіктерді мемлекетті, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасын қолдап түрлі шаралар ұйымдастыруға шақырды.

«Бірге жұмыс істеп, қиын мәселелерді шешу, азаматтардың өмір сапасын жақсартып, жұмыспен қамтылуын қадағалау – біздің ортақ міндетіміз. Егер арнайы мамандығы жоқ болса – «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіби білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, қайтарымсыз грант немесе жеңілдікпен микрокредит алуға болады. Бастысы, бос отырмау керек», - деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, үкімет облыс әкімдігімен және «Атамекен» ҰКП бірігіп Жаңаөзеннің еңбек нарығын зерттеп, 2 мыңға жуық жұмыссыз азаматтар барын анықтаған.

«Біз оларды жұмыспен қамтып, гранттар мен микронесиелер бөліп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретіп, біліктілігін арттырып, жаңа және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға жұмысқа тұрғызуға ниеттіміз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Вице-премьер сөз сөйлегеннен кейін кездесу «еркін микрофон» форматында жалғасын тауып, жаңаөзендіктер өздерін алаңдатқан сұрақтарды қойды.

Қала тұрғындары еңбекке тарту, көшелерді сапасыз тазалау мен көгалдандыру, ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй мәселелерін шешу, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау орталығын ашу сынды мәселелерді көтерді. Барлық сұрақтарға тиісті жауап беріліп, түсініктемелер айтылды.

19 желтоқсан, бейсенбі күні Үкіметтің жұмыс тобы Ақтаудағы жұмысын жалғастырып, аймақ тұрғындарымен, денсаулық сақтау, білім беру саласының қызметкерлері, жастармен кездесіп, бірқатар әлеуметтік ошақтарды аралайды.