04 мау, 2020 сағат 18:54

«Самұрық-Қазына» компанияларының тиімділігін арттыру үшін нақты шаралар қажет - Назарбаев

«Самұрық-Қазына» компанияларының тиімділігін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін біз «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткіземіз. Қордың экономикалық дамуда маңызы өте зор. Сондықтан «Самұрық-Қазынаның» жұмысы ерекше бақылауымда. Баршамызға мәлім, биыл қиын жыл болып отыр. Коронавирус пандемиясы жаһандық экономикалық дағдарысқа әкелді. Әлемдік экономика және сауда ауқымы төмендеді. Бұл факторлардың барлығы біздің елімізге өзінің әсерін тигізеді. Осы орайда біз үшін қалыптасқан күрделі ахуалға тез бейімделу өте маңызды. Сәуір айында біз дағдарыстан кейін экономиканы қалай көтеруге болатынын талқыладық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты шаралар туралы мәлімдеме жасады. Үкімет экономикалық өсімді қалпына келтіру жоспарын бекітті. Бұл шаралар дер кезінде қабылданды және қазіргі ахуалға сай келеді», - деді отырысты ашқан ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасы Қазақстанның барлық негізгі компаниялары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына кіретіндігін атап өтті. Қор компанияларының жалпы активі - 28 трлн теңге. 

«Бұл - біздің жалпы ішкі өнімнің 40 пайызына жақын. Бұл жерде 300 мың қызметкер жұмыс істейді. Бюджетке түсетін әрбір оныншы теңге «Самұрық-Қазынадан» келеді. Қиындыққа қарамастан барлық компания жұмысын жалғастырып жатыр, тоқтаған жоқ. Өткен жылдардағы қор көрсеткіштерінің оң динамикасы биыл резерв құруға мүмкіндік берді. Енді компаниялардың тиімділігін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.