17 ақп, 2020 сағат 12:08

Салмақты сақтаңыз!

Салмақ тастау егде жастағы әйел адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл тұжырымды 1300 әйелді жиырма жыл зерттеген ғалымдар айтып отыр.

Бұл ғылыми зерттеуге қатысушылардың орта жасы – 68. Калифорнияның денсаулық сақтау орталығының дəрігерлері əйелдердің салмақ массаларының индексін, диеталарын, физикалық белсенділіктерін, ішімдік ішіп, темекі тартатындарын да есептеп отырған. Жиырма жылда болған барлық оқиға, өлім, сырқаттану сияқты жағдайлар түгел есепте болған. Зерттеу жүрген жиырма жылдың ішінде тоғыз, тіпті одан көп салмаққа арықтаған əйел адамдардың дүниеден өту қаупі салмақтарын сақтаған жандарға қарағанда, соңы бес жылда 74 пайызға жоғары болған. Сонымен қатар салмақ тастағандардың сүйектерінің сынуы да екі есе көп тіркелген.

– Егде тартқан жаста салмақ тастау, шынымен қауіпті. Ол бұлшық еттердің атрофиясымен жүзеге асады, ол əлсіреу синдромына душар етеді. Жаман ауруларды, оның ішінде онкологиялық ауруды да шақыруы мүмкін, – дейді гериатр, Ресей геронтологиялық ғылыми-клиникасының директоры Ольга Ткачева.

Бүгінгі күні қарт адамдарға салмақтарының көп болғаны жақсы деген тұжырымдар айтылып жатыр. Бұл ғылым тілінде «семіздік парадоксі» деп аталады. Ал арнайы дəрі-дəрмек, операция, экстремальды диета арқылы дене бітімін сақтағысы келетін жандар дəрігердің қатаң бақылауында болуы керектігін де ескертеді мамандар. Өйткені арықтау мақсатында көп жандар түрлі дертке душар болуда.

Айта кетейік, америкалық диетолог Сатчин Панда мен Real Nutrition NYC-тің негізін қалаушы Ами Шапиро артық салмақтан арылудың ең тиімді әдісінің бірін тапты. Олардың әдісі – қай кезде тамақтанып және қай уақытта тамақтанбау керек деген жүйеден тұрады. Мұндай ақпарат америкалық Vogue басылымында пайда болған.

Мамандардың айтуынша, таңғы және кешкі тамақтану аралығындағы уақытты 8 сағатқа дейін қысқарту керек. Яғни осы аралықта тамақтанып үлгеру керексіз. Диетологтар ол үшін кешкі асты жұмысқа алып бару керек деген кеңес береді. Оның үстіне тағам тойымды болғаны жөн. Өйткені жатар алдында тамаққа деген тәбетіңіз қайта оянбау керек. Егер осындай диетаны ұстанатын болсаңыз, 2-3 аптада нәтижесі біліне бастайды.

Қазір көпшілігі денсаулығына жіті мән беріп, сыртқы келбеттің мінсіздігіне ұмтылып жатыр. Дұрыс тамақтану тәртібімен таныстырып, қадағалап отыратын мамандарға, кей қарапайым адамдарға да ақы төлеп жатады. Оның пайдалы жері біреуге есеп беріп отыратындықтан, көзтоймастықты жеңу оңайлайды.

Әлемде артық салмақ жиналуының ең көп кездесетін себебі – шектен тыс тамақтану. Егер денеңіздің жоғарғы бөлігінің барлығына май қабаттары жиналса, демек, сіз қантты және барлық тамақты көп мөлшерде қабылдайсыз. Қазіргі тамақтану тәртібіңіз өзіңізге қалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ өзгелер қанша жегеніне емес, өз тамақтануыңызға көңіл қойыңыз.

Мұның да бір шешімі бар: тамақтанар алдында жарты литр су ішсеңіз, өзіңізді тоқ сезініп, түскі және кешкі асты күндегіден азырақ жейсіз. Шай мен кофені 1-2 күн қантсыз ішіңіз, кейін оған тез үйреніп кетесіз. Тәттіден бас тарта алмасаңыз, өзіңізге тек кептірілген жемістер (өрік, қараөрік, інжір, құрма) және мармелад, зефир жеуге ғана рұқсат етіңіз. Күніне кем дегенде 30 минут дене жаттықтырыңыз (би, жүгіру, секіру, жаяу жүру).

Артық салмақтың пайда болуының бiрнеше себебi бар. Семiздiктiң 95 пайызы аспен яғни, тамақтану тәртiбiнiң бұзылуымен тiкелей байланысты.

Екiншiден, артық салмақтың пайда болуына тұрмыстық-әлеу­меттiк жағдайлар да әсерін тигізеді. Адамның тамаққа шектен тыс құмарлығы да семiруге ықпал етеді.

Мәселен, отбасы мүшелерi шектен тыс тамақтанып, аз қозғалса, бала да соны айна-қатесiз қайталайды. Өйткенi, бала ата-анасына, туған-туысқандарына елiктейтіні де жасырын емес. Ал ата-ана сәбидiң жарық дүниеге келгеннен бастап, оның тұлға болып қалыптасуына дейін қадағалап отырса нұр үстіне нұр.

Сондай-ақ, дене қозғалысының аздығы да жақсы емес. Өмірден көріп жүргеніміздей мектепке дейiнгi балалар негізінен ойынмен өседі. Бірақ ойынның да ойыны бар. Алайда, осыны да әрбір шаңырақтың иелері есте сақтап, өз балаларының бос уақыттарында немен айнасылып жүргендерін үнемі назарларында ұстағандары жөн.

Сонымен қатар, мектеп жасындағы балаға ата-анасы күнделікті түстенуі үшін ақша беретіні де белгілі. Бiрақ оның қандай тамақ сатып алғанын сұрап, қадағалап жатпайды. Кез келген бүлдiршiн тәттiге әуес. Ал тәттiлердiң пайдасынан зияны мол. Осы тәттілер семiздiкке алып келетiні де ешкімнен жасырын емес. Осы арада балалардың теледидар, компьютер алдында ұзақ отырып, тамақ iшуi де өте зиян екендігін қалың жұртшылықтың есіне саламыз.

Артық салмақ баланың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мұны дүниежүзіндегі ғалымдар дәлелдеп те берді. Сондықтан әрбір жарасымды отбасында әлемдік деңгейдегі жаңалықтарға назар аударып, ондағы басылым беттерінде жарияланған танымдық мақалаларға зер салып отырғандары да мақұл.

Индира Сәтім