Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIІІ қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары 2018 жылдың 9–25 ақпан аралығында өтеді. Әлемнің 80-ге жуық елінен 5000-нан астам спортшы мен ресми тұлғалар қатысады деп жоспарланған.
15 спорт түрінен 102 медальдар жиынтығы ойнатылады (биатлон — 11, бобслей — 3, скелетон — 2, керлинг — 3, конькимен жүгіру спорты — 14, мәнерлеп сырғанау — 5, шорт-трек — 8, тау шаңғы спорты — 11, шаңғы қоссайысы — 3 , шаңғы жарысы — 12, шаңғымен трамплиннен секіру — 4, фристайл — 10, сноуборд — 10, шана спорты — 4, шайбалы хоккей — 2).
Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, ұлттық құраманың алдағы Олимпиада ойындарына 9 спорт түрі бойынша 57 лицензиясы бар: биатлон — 10, шорт-трек — 12, конькимен жүгіру спорты — 12, шаңғы жарысы — 7, мәнерлеп сырғанау — 3, фристайл могул — 4, фристайл акробатика — 5, тау шаңғы спорты — 2, шаңғымен трамплиннен секіру — 1, шана спорты — 1.
«1994 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта өткен қысқы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда, қазақстандық делегация 2018 жылы өтетін Олимпиада ойындарына көбірек лицензияға ие болды», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұдан өзге, министр Олимпиада ойындарының басталуына дейін қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық командалар оқу-жаттығу жиынымен және лицензиялық жарыстарға қатысумен қамтамасыз етілгенін айтып өтті.
Жоғары нәтижеге қол жеткізудің маңызды факторы ретінде спортшыларды сапалы құралдармен және жабдықпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Сондай-ақ, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік ұсынатын қажетті шараларды уақытылы және сапалы бақылауға әрі жүзеге асыруға ерекше назар аударылады.
«Олимпиадалық делегация алдындағы міндет — Сочидегі Олимпиада ойындарының қорытындысынан төмен нәтиже көрсетпеу», — деп қорытындылады Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Аталған мәселені қарау барысында Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Әбілғазин де сөз сөйледі.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ұлттық құрамаға Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсетуді тіледі.
«Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды, оның ашылуын асыға күтеміз және спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілейміз. Спортшыларымыз ел үмітін ақтап, медальдармен оралады деп үміттенеміз», — деп тіледі Бақытжан Сағынтаев.