ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тондарды таңбалау сияқты шараларды дер кезінде қолға алуды тапсырды. Себебі бюджет миллиардтаған салықтан қағылып отыр. Бұл туралы ол бүгін Үкімет отырысында айтты, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Шыны керек, біз екі жылды өткізіп алдық. Ал біздің әріптестеріміз - Ресей мен Беларусь ешкімге қарамай, тондарды таңбалауды бірден бастап кетті де, осы уақытқа дейін миллиардтаған ақшаны бюджетке түсірді. Көлеңкелі экономиканы азайтып, ақша айналымын ашық жүргізудің бірден-бір жолы - осы. Біз болсақ, енді ғана қолға алып отырмыз. Үш күн болды, 60-ақ тонды таңбаладық. Ашығын айту керек, біз кей кезде бизнестің жетегінде кетіп қаламыз. Сөйтіп, екі жылды өткізіп алдық. Қазір пилоттық жобаны қолға алдық. Енді, оны аяқтап, барлық салаға таратамыз дегенше тағы уақыт кетеді", - деді Бақытжан Сағынтаев.
ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне қарағанда, тауарларды электронды таңбалау аясында алдымен тондарды таңбалау жобасы қолға алынды. Пилоттық жоба 27 қарашада басталды. "Қазіргі кезде электронды жүйеге 20 компания қосылды. Үш күннің ішінде 60 тон таңбаланды. Келесі жылы осы жобаның негізінде басқа тауарларды таңбалау шаралары да басталады", - деп атап көрсетті Сұлтанов.