Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза тапқан азаматтардың отбасына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қала әкімі Алатау ауданындағы қайғылы оқиғадан қаза тапқан азаматтардың туысқандары мен жақындарына көңіл айтты.
Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев олардың отбасына тиісті көмек көрсетілетіні туралы айтқан болатын.
Айта кетейік, 20 қыркүйекте кешке 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және аулада болған өзге екі адамға аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде бес адам қаза тапты. Олар: екі полиция қызметкері, бір жеке сот орындаушысы және екі тұрғын, олардың бірі - үйдің жаңа иесі, екіншісі - оның танысы.
1967 жылы туған күдікті ұсталды. Ол 20 жылға немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.