ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысын күні кеше ғана елордада жауған нөсер жауын салдарына тоқталудан бастады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Күн тәртібін бастамас бұрын бір мәселеге назар аударғымыз келіп отыр. Ол – Астана қаласында соңғы күнедері болған нөсер жауынның салдары туралы. Өздеріңіз білесіздер, соңғы 1-2 күнде толассыз жауған жауынның кесірінен Астанадағы бірқатар көшелер көлкіген судың астында қалды. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер мен автокөлік иелері зардап шекті, қоғамдық көлік қозғалысы да қиындап кетті. Бұл мәселе жөнінде Елбасы тарапынан бірнеше орынды сын-ескертулер айтылған болатын. Қаладағы кәріз жүйесін реттеу бойынша тиісті тапсырмалар да берілген болатын. Коммуналдық қызметтердің нашар жұмыстарынан қала тұрғындары зардап шекпеуі керек. Бізде Бауыржан Момышұлы, Тұран даңғылдары және Ұлы Дала көшесінің қиылысы, Бараев және Жастар шағын аудандарының жауын суының астында қалуы соңғы кезде қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сияқты. Әсет Өрентайұлы, әкімдік мұндай жағдайдың алдын алу бойынша қандай іс-шаралар қабылдап жатыр? Ауа райын болжау қызметтерінің хабарлауы бойынша жауын әлі де жалғасатын түрі бар», - деп Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтен қысқаша есеп беруді сұрады.
Қала әкімі осы жылдар ішінде елорданы нөсер жауыннан қорғау бағытында жасалған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
«Су кәріздерінің жүйесі қала дамуындағы жүйелі басым бағыттардың бірі. 2016 жылғы Елбасы берген тапсырмадан кейін 3 жылға арналған бағдарлама дайындалды. Қазір біз бағдарлама бойынша кезең-кезеңімен берілген қаражат аясында жүзеге асырып келеміз. Оны 2019 жылы толық аяқтаймыз. Осы жылдар ішінде су кәріздері жүйесінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Өткен жылы біз Тұран, Ұлы Дала, 31, Сейфуллин көшелерінде, Көктау кентінде, Мыңжылдық аллеясында тазалау құрылғыларының құрылысын аяқтадық», - деді Исекешев.
Ол жаңбыр жауған сайын су астында қалатын Ақбұлақ ауданы мен Момышұлы көшесіне жақын маңдағы көшелер мен жағадан салынып жатқан аудандардағы жаңбыр суы жиналатынын атап өтті. Бұл проблема 2019 жылға дейін шешімін табатынын айтты.
«Кешегі жағдайға тоқталатын болсақ, Қазгидрометтің мәліметі бойынша 1,5 тәулік ішінде 45 мм жауын-шашын жауған. Айлық норма 29 мм. Сонда, бұл айлық нормадан шамамен 1,5 есеге артық болып отыр. Әрекет етуші құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес, нөсер жауын желілері 20 минуттық үзіліссіз жауынға есептелген. Одан кейін 4 сағат ішінді су кетуі керек. Бізде 21 тамызда су астында қалу жағдайы орын алған жоқ. 20 тамызда, расымен де, бірмезгілдік жаңбар жауды. Нормативтерге сәйкес, жауын суы сорылды. Барлық коммуналдық қызметтер екі тәулік бойы жұмыс істегенін атап өткім келеді», - деді қала басшысы.
Әсет Исекешев 20 минуттық бірмезгілдік жауынға арналған нөсер жауын желілерін қарастыратын ҚНжЕ жағдайында қалыптан тыс жаңбыр жауса, мұндай оқиғалар әлі де орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, биылғы жылы Сингапур, Мәскеу, Киев пен АҚШ, Германия, Францияның бірқатар қалалары да жауын суының астында қалған.
«Қазір әрекет етуші табиғи монополиялар туралы заңда заңнамалық тұрғыда нөсер жауын науаларындағы қалдық суларды төгу қызметтері реттелмеген. Сондықтан, біз «Астана Тазалық» базасында нөсер жауын кәріздерін бұру жөнінде кәспорын құруды сұраймыз. Ол мекеме осы бағыттағы барлық қызметтерді қамтып, өз бақылауында ұстайтын болады», - деген ол «Астана Тазалық» мекемесін жекешелендіру тізімінен алып тастауды сұрады.
Үкімет басшысы осы мәселеге жауапты тұлғаларға сәйкес тапсырма беріп, қала басшысының ұсынысына қолдау білдірді.
«Дегенмен де, Астана қаласы әкімдігінің тез арада осындай жағдайдың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдауды, коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуді тапсырамын. Айтып отырған ұсыныстар мен пікірлеріңіздің барлығы дұрыс. Бірақ, жаңа мен айтып өткендей, мәселе Астана көшелерінің барлығында емес, бірқатар көшелерінде жылдан-жылға қалыптасқан жағдай. Басқа көшелердің барлығы тура сондай болып су астында қалып жатқан жоқ. Бауыржан Момышұлы даңғылында автобус су астында қалып жатыр, автобустың ішіне су кіріп кеткен. Сол себепті, сондай күрделі көшелерде алдын ала жұмыстар атқарып, тазалап қою қажет. Жұртшылықтың да, қала тұрғындарының айтып отырғаны осында. Кәріздерді, су жинайтын құдықтарды да дер кезінде тазалау мәселелерін ерекше бақылауға алып, жауын жауған сайын суастында қалатын аумақтарды енді мұндай жағдай болдырмас үшін іс-шаралар дайындау керек. Өткен аптада Астана қаласының 5 жылдық жоспарын ұсындыңыз, оны Елбасына да баяндадыңыз. Бірақ, соның ішінде, жауын-шашыннан кейін болатын жағдайға, кәріздерге де баса назар аудару керек. Асқар Ұзақбайұлы, Үкіметке шығарғанға дейін бұл кешенді жоспарды тағы бір қарап шығыңыз. Алдағы уақытта мұндай жағдайды қалай шешеміз? Бірінші кезекті осы тұруы керек. 20 жыл бойы бұл мәселеге атүсті қарап келдік десе де болады. Жауын жауады, су астында қаламыз, су кеткен соң, бәрін ұмытып кетеміз», - деді Премьер-министр.