10 қаз, 2017 сағат 10:26

Сағынтаев: Ертең досқа күлкі, дұшпанға таба болмау үшін достықты сақтауымыз керек

Қырғызстандағы сайлау науқаны бауырлас екі елдің арасына жік түсірмеуі керек. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет басшысы кеше Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың сайлауалды мақсатта жасаған жауапсыз, арандатушылық мәнді және көпе-көрінеу жалған пайымына қатысты мәлімдеме жасағандығын, онда Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары ішіндегі жетістіктерін нақты дәлел-дәйектермен келтіргендігін баса айтты.

«Біздің ата-бабаларымыз «қазақ пен қырғыз бір туған деп, екі халықтың достығына ерекше мән берген. Сайлау науқаны өтеді, кетеді. Алайда ол бауырлас екі елдің арасына жік түсірмеуі керек. Біздің Елбасымыздың ұстанған саясаты да осы - елдің, туысқан халықтардың бірлігі. Ертең досқа күлкі, дұшпанға таба болмау үшін ғасырлардан жеткен екі халықтың достығын, бірлігін сақтайық. Қайта оны саяси, экономикалық жағынан әрі қарай нығайту үшін бәріміз бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуіміз керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.