07 там, 2018 сағат 10:16

Сағадиев Қазақстанда үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмей тұрғанын айтты

Республикалық бюджет есебінен жыл сайын 170-ке дейін мектеп салынғанына қарамастан, елде үш ауысымды және апатты мектептер проблемасы сақталуда. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында білім беру мен ғылымды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында іске асыру мәселесі жөнінде баяндаған ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қала мен ауыл мектептерінің білім сапасы арасындағы айырмашылық сақталып отыр. 9 және 4 сынып оқушыларының арасында сырттай бағалау нәтижесі бойынша мемлекеттік бағдарламаның жоспарланған көрсекішіне қол жеткізілген жоқ. Осы айырмашылықты жою үшін Дүниежүзілік банктің арнайы кредит қаржысын жұмсап, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, ауыл мұғалімдерінің білім сапасын көтеру жұмыстары басталды», - деді министр.

Сағадиевтің айтуынша, елдегі үш ауысымды мектеп мәселесі әлі де толық шешімін таппай отыр.

«Республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан 170-ке дейін мектеп салынады. Алайда, үш ауысымды және апатты мектептер проблемасы сақталуда. Оны үлкен қалаларда жан басына қаржыландыру механизмі арқылы шешетін боламыз. Бүгінгі күні елде үш ауысымдағы 120-ға жуық мектеп бар. Оның ішінде, Алматы облысында 27, Ақтөбе облысында 24, Түркістан облысында 12, Ақмола облысында 12, Атырау облысында 11 мектеп», - деді ведомство басшысы.

Министрдің берген мәліметіне сәйкес, елде 44 мектеп апатты жағдайда тұр. Оның көбі Түркістан облысында тіркелген. Мұнда тозығы жеткен 12 мектеп болса, дәл осындай білім ошағы Жамбылда – 7, Атырау – 6, БҚО – 6.

«Үш ауысымда оқитын мектептердің болуының басты себебі демографиялық және миграция процестері. Мысалы, 2017 жылы Астанаға еліміздің басқа аймағынан 80 мыңға жуық адам көшіп келсе, олардың 17 мыңға жуығы - балалар. Бұл жыл сайын шамамен 15 жаңа үлкен мектеп салу қажеттілігін туындатады. Қазіргі уақытта мемлекет мектепті жаппай салуға бұрын болмаған қаражат бөлсе де, осы мәселені толығымен шешу үшін жан басына қаржыландыру, яғни, жеке меншік компанияларды мектептер салуға тарту жұмысын барлық қалада қазірден бастап қолға алу қажет болып тұр», - деді Сағадиев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Білім және ғылым министрі елдегі кейбір өңірлер жаңа оқу жылында оқулықсыз қалу қаупінде тұрғанын айтты.