13 там, 2020 сағат 11:35

«Рухани жаңғыру» бағдарламасынан мазмұны таяз көптеген шара алынып тасталды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасынан мазмұны таяз, мақсаты сұйық көптеген шаралар алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«3 жылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқарудың институционалдық негізі толықтай қалыптастырылды. Барлық өңірде жобалық кеңселелер ашылып, әр жердің ерекшелігіне байланысты мазмұнды жоспарлар құрылды. Әрине, кез келген бастаманың баяндылығы бұл сол бастамаға жанашыр маманға байланысты. Сондықтан да бұл мәселеге үлкен көңіл бөлініп келеді. Осыған орай министрлік жанынан арнайы қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды. Оған ғылыми-сараптамалық міндеттен бөлек өңірлік кеңселелердегі мамандарға әдістемелік көмек көрсету жұмысы жүктелген болатын», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Оның атап өтуінше, бағдарламаның 6 бағыт бойынша 13 жоба бекітіліп, олардың аясында ондаған мың шаралар өтті. 

«Әрине, бұл жерде біз үшін маңыздысы сан емес, сапа. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей кейбір жерлерде есептілік, науқаншылық сияқты үрдістер орын алғаны жасырын емес. Бұл туралы жыл басында өткен мемлекеттік комиссияның отырысында нақты айтылды. Нәтижесінде өңірлердегі барлық іс-шараларға қайта талдау жасалып, рухани жаңғыруға мүлдем қатысы жоқ, мазмұны таяз, мақсаты сұйық көптеген шаралар алынып тасталды. Мәселен, былтырғы жылдың жоспарында 229 іс-шара көзделген болса, биыл барлығы - 97 тармақ. Бұл жерде тағы да қайталап айтайын, іс-шаралардың сапасына үлкен мән беріліп отыр», - деді Болат Тілепов. 

Вице-министр бұл міндетті шешу үшін оларды жүзеге асырудың 3 бағыты белгіленгендігін айтты. 

«Бірінші бағыт - тұлғалық даму. Яғни, оған білімнің салтанат құруы, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы, прагматизм сияқты қағидаттар кірді. Екінші бағыт - бұл ұлттық бірегейлік пен халықаралық мәртебені арттыру. Үшінші бағыт - мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Ал енді осының барлығын іске асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға арнайы ұсынымдар әзірленіп, жеткізілді», - деді ол.