Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осыдан үш жыл бұрын жазылған болатын. Соған байланысты әдебиет, мәдениет, туризм саласында бірқатар жұмыс атқарылды. Ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір айтылған мақалада батыл шешімдер қарастырылғанын айтып өткен жөн. Мақалада рухани жаңғыру, оның ішінде халықтың санасының жаңғыруы, ұлттық болмыс, ұлттық кодты әлемдегі құндылықтармен байланыстырып, ел игілігіне жарату үшін нақты міндет пен мақсат қойылған.
Жалпы қолданыс пен қолдау тапқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін 2020 жылы 97 тармақтан тұратын жоспар жасалды. Оны ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева таныстырды.
«Тағы бір үлкен бағыт –қоғамдық сананы рухани жаңғырту. Бұл жайлы осыдан үш жыл бұрын ұзақмерзімді арнайы бағдарлама қабылданған болатын. Сол уақыттан бері көптеген іс атқарылды. Қазір бағдарлама аясында 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр. Бағдарламаны іске асыру бойынша биылғы 2020 жылға арналған 97 тармақтан тұратын жоспар да бар.», - деді Аида Балаева.
Айтуынша, жаңа жылға арналған жоспарда атқарылатын іс-шаралар 3 бағытқа бөлінген:
тұлғалық даму;
ұлттық ерекшелікті сақтау;
мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту;
Сонымен қатар осы бағытта әр өңірдің өз жоспары бар.
Министрдің айтуынша, бағдарлама жайлы толық ақпаратты порталы және осы бағдарламаға қатысты барлық мәселелерді талқылау үшін арнайы «Азаматтық алаң» жұмыс істейтінін жеткізді.
Министр кенже қалған мәселелерді шешу үшін жергілікті ресурстық орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнатылғанын айтып өтті.
Қазір министрлік тарапынан «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып» деген 4 арнайы жоба ұсынылған.
Сондай-ақ, бұл төрт жобаға жеке концепция жасалып қойды. Министр барлық жобаның тұлғаны тәрбиелеу мен қоғамда биік талғам қалыптастыру үшін жасалып жатқанын айтты.
Сонымен қатар Аида Балаева мемлекеттің сананы жаңғырту жөніндегі іс-шараларында сараланған көзқарас болуы қажет екенін, өңірлерде жұмыс істеудің маңыздылығы мен жаңа интернет-жобаларды дамытуға және тағы басқа салалық өзекті мәселелерге барынша назар аудару қажет екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық руханиятқа үлкен серпіліс әкеліп, қоғамға қозғау салды. Бірқатар елеулі жобалар іске асып, Қазақстанның рухани мұрасы дәріптелді. Ұлттық бірегейлікті сақтау, мәдениетті көтеру, білімді культке айналдыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, латын әліпбиіне көшу сияқты мәселелер қоғамда қызу қолдау тауып, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.