Қазіргі күні отандық білім беру саласының алдында, әсіресе оны жетілдіріп дамытуда өте ауқымды да қомақты мәселелердің тұрғаны мәлім. Бүгінде қазақстандық гуманитарлық ғылым саласында, оның ішінде қазақ руханияты дамуы мәселесінде танымдық тұрғыда түйіні шешілмей келе жатқан мәселелеріміз көп. Осы ретте, Елбасының: «Адам кешегісімен, қазіргісімен және келешегімен өмір сүреді», - деген орынды тоқтамын айтсақ та жеткілікті.
Тарихтағы талай империя ұлттық рухы көтерілгенде іргелі мемлекетке айналған, сонан айрылғанда ішінен ыдырап, берекетсіздікке ұрынып, пендешілікке салынып әлсіреген, сонда сыртынан келген ұйымшыл жау күйреткенін бүгінгі әлемдік тәжірибе дәлелдеуде. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев көрегендік танытып, шашылған мәдени мұраларымызды жинауға қамқорлық жасап, Мәңгілік ел болу үшін Рухани жаңғыруды жолға қойғанда рух, руханияттылық мәселесін тиянақты түсіну, соларға сәйкес мәнді іс бастауға мұрындық болды.
Елбасының қазақ елін Мәңгілік ел қатарына қосу үшін де бұрын бастаған «Мәдени мұра», қазір жалғастырып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламалары қазақ ұлтының рухын көтеруге арналған. Бұл келер ұрпағымыздың әлемнің озық елдері өкілдерімен өздерін тең сезінудің іргетасын тұрғызу болып табылады.
Елбасының руханияттың өсуіне, ұлттың рухани кемелденуіне бағытталған кешенді рухани жәдігерлік мақалаларының алғашқы легі 2016 жылы Егемен Қазақстан газетінің алты нөмірінде (21.09; 02.11; 05.11; 08.11; 11.11; 15.11.) «Ұлы дала ұлағаттары» деген атпен жарияланды. Содан соң 2017 жылы сәуір айының он екінші жұлдызында сол идеялар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына ұласты. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақтың бүкіл материалдық-рухани тарихи-тағлымдық болмысын әлемге паш етіп, таныстыру-табыстыру дәуірінің келгенін білдірмек. Осы жолғы мақаласында қарастырылған жоба-парадигмаларды Елбасы: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын», -деді. Шындығында да бұл мақала жоғарыда айтылған идея-жобалардың логикалық жалғасы болатыны анық.
Мақаладағы парадигмалық жобалар Ұлы даланың әлеуемттік кеңістігі мен уақыты аясындағы ортодоксальды тарихи санада жазылып қалған таериалдық әрі рухани жәдігерлерді ұлт жадына қайтару, әлемдік рухани сахнаға сығару міндетін жүктейді Елбасы. Төл тарихты білуді отандастарымызға табыс ете отырып, «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі...», -дейді Президент.
Президент жаңа белестерге бастағанда халық болып соны бірлесіп атқармасақ ол мақсат мұрат күйінде қала бермек. Егер елдің экономикасын көтеру ұлттың жігерлі адал азаматтарының еңбегімен жүзеге асса, онда ұлттың рухын көтерудің іргетастарын қалау қоғамдық, әлеуметтік және гуманитарлық ғылым салалары ғалымдарының ізденістерімен жүзеге аспақ.
Рухани жаңғыру бағдарнамасының ең бір маңызды бастауы «ұлттық код» ұғымының мән-мағынасын ашып, соларды қазіргі, әсіресе келешек ұрпақтардың санасын қалыптастырудың басты қуат-көзіне айналдыра алумен қамтамасыз етіледі. Біз бұл жұмысымыз бағдарнаманың «руханияттылық» деген ең маңызды ұғымының кодтық жүйесінің шығу тегін, қисындық құрылымын және мазмұндық таралуын ашуға арналған.
Мәселенің мағынасы маңызды, мазмұны кең, тарихы терең, мәні зор. Сондықтан Рух – адам санасынан, ойынан жоғары, адамдардың ынтымақтастығын, ұлттың тұтастығын сақтаудың дүниебағамдық қуат көзі. Руханилық – ұлттық фольклордың (аңыз, мақал-мәтел, т.с.с.), әдебиеттің, өнердің, өзге ұлттардан айырмашылығын айқын көрсете алатын, тарихи қалыптасқан, іштей ұйысқан құндылығы. Руханият – рух пен руханилықтың қоғам өмірінде танылған, бекіген, ізгілікті әлеуеті, тіпті мемлекеттің мұраты есебінде қол жеткізу мақсатына да айнала алатын, ұлттық мәдениет мәнін тұрақтандыратын жүйе. Рухтылық – алғашқылардың негізінде нақты жеке тұлғаның, топтың, халықтың ой өрісі, мінез-құлықтары, іс-әрекеттері арқылы ашылатын ұлттың өзіндік болмысын көрсетететін ментал-сапалық сипаттары.
Есімізде, 2018 жылдың 12 сәуіріндегі Нұр-Сұлтан (Астана) қаласындағы арнаулы зиялылар басқосуында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан аударма ісінің алғашқы нәтижелерімен таныстырған Еліміздің тұңғыш Президенті: «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс», - деп мәлімдеген болатын. Сол Елбасының әлемдік білім беру саласындағы таңдаулы туындыларды аудару арқылы бүгінгі жастарға заманауи технология талаптарына сай білім алуға мүмкіндік туғызу тұрғыдағы сындарлы саясаты қарқынды деңгейде жүзеге асырылуда. Биылғы оқу жылында тағы да 30 оқулық білім беру айналымына енгізілді. Оқулықтардың тілі ұғынықты, талдамгерлік тұстары ой ұшқырлығын жетілдіруге септігін тигізіп жатқанына куәміз және оны өз тәжірибемізден байқаймыз. Бұл бүгінгі білім алушы жас мамандарға кәсіби шыңдалу үдерісінде маңызды мағлұмат болатыны анық. Демек, оқулықтарда мысалдар арқылы талдау жасай отырып, оқырман назарын оның күрделі әлеміне енуге жол ашады. Осы арқылы жас маманның интуициясын жетілдіруге бағыт сілтей отырып, оның кәсіби функционалдық сауатын ашуға тырысады.
Осы ретте, Ұлттық аударма бюросының 2019-2020 оқу жылдары қарсаңында жоғары білім берудің оқу бағдарламаларындағы жаңартылған технологияға сәйкес ұзақ мерзімге арналған іс-шараларына куәміз болғанымызды айтпақпыз. Мәселен, үстіміздегі жылдың шілде айының 7-13 аралығында көптеген пәндер бойынша онлайн-дәрістер оқылып, қашықтықтан бақылау тапсырмалары әзірленіп, тестік бақылау сұрақтарының базасын жасауға қатыстық.
Сонымен бірге, «100 оқулық» бағдарламасы аясында аударылған оқулықтардың онлайн-дәрістері бойынша тест-сұрақтардың жүйесін қалыптастыруға ысқан мамандардың қатарында болдық.
Қорыта айтқанда осының бәрі ұлттық білікті маманды қалыптастырудағы, білім беру саласын сифырландыру, оны білім алушыға икемді де тиімді ету амалдары деуге болады. Сайып келгенде, рухы мықты интеллектуалды ұлтты қалыптастыру жолындағы ізгілікті шара деп білеміз.
Абылай хан атындағы Халықаралық
Қатынастар және әлем тілдері университеті
профессоры, философия ғылымдарының
докторы Д.С.Раев