20 там, 2020 сағат 11:40

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы: түрлі жобалар әзірленіп жатыр

Қазақстан бойынша "Рухани жаңғыру" бағдарламасы заман талабына сай өзгертілетін болды. Бұл туралы Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов мәлімдеді, - дeп хабарлайды «Ұлт» порталы.

Оның айтуынша, рухани жаңғыру – сананы жаңғырту, ал ол үшін санамыздағы пайдасыз қағидаттар мен қажетсіз әдеттерден, тіл мен ділдің қадірсіздігінен арылу қажет. Оны орындамаған жағдайда өркениеті дамыған елдердің арасында болуымыз екі талай.

«Сондықтан бүгінгі таңда ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алдында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа жағдайға бейімдейтін бірқатар міндет тұр», - деді Тілепов.

Оның айтуынша, бірнеше арнайы жобаның нобайы әзірленді. Ол ұлттық ерекшелікті сақтау отырып әзірленетін болады. Соған сәйкес, қазақстандықтар да қазіргі заманның сынына төтеп бере алатындай болуы керек. Министрлік өкілі бағдарлама аясында осы бағытта, жеке кәсіби қабілетті дамытуға бағытталған іс-шараларға басымдық берілетінін хабарлады.

Қазірдің өзінде министрлік жобаның бірқатар нұсқасын әзірледі. Барлығы жастардың болашағы, кәсіби жағынан дамуына бағытталған. Ең алдымен дәстүрді насихаттауға арналған «Дәстүр мен ғұрып» жобасы. Ал «Құқықтық мәдениет» жобасы аясында елдің құқықтық мәдениетін дамытуға арналған іс-шаралар топтамасы іске асырылады. Тағы бір жоба - «Еңбек елдің мұраты», оның аясында атқарылатын жұмыстар атауынан әлдеқайда ауқымды болғалы тұр. Мысалы, бұл жоба аясына жастардың мінез-құлқын қалыптастыру, денсаулыққа қатысты салауатты өмір салты мәдениеті мен эстетикалық талғамға баулу кіреді.

Айта кетейік, 2020 жылы мемлекет басшысы мектептер мен жоғары оқу орындарына қоғамның экологиялық сауатын ашу және экомәдениетін көтеру мәселесін қосуды айтып келеді. Осы бағдарлама аясында жаңа жобаларда осы мәселелер  бой көрсететін болады.

Сонымен қатар «Кітапсүйер ұлт» ұранын пайдаланып, бағдарлама аясында мектеп оқушыларын, балаларды кітап оқуға баулу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жұмсалатын шығындарды қысқарту жоспарланып отыр. 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бағдарламаның іске қосылуының басында республикалық бюджеттен 4,2миллиард теңге (12,5 миллион доллар) бөлінді.

Бағдарламаны жүзеге асыруға жауап беретін министрліктер өзіне қажетті сомманы алды, соның ішінде Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне өткен жылы 531миллион теңге бөлінді. Ал 2020 жылы шығындар екі есе азайды. Себебі қазір карантинге байланысты іс-шараның басым бөлігі онлайн форматқа ауысты, соған сәйкес қаржыландыру да екі есе қысқарды.

Енді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі екі бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Оның бірі – ақпараттық  жұмыс. Екіншісі - осы бағдарламаны ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ететін қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметін қамтамасыз ету.

Айта кетейік, 2020 жылы бағдарламаны іске асыру үшін ақпарат министрлігіне 277 миллион теңге бөлінді.