20 шіл, 2020 сағат 11:45

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы: оңтүстік астанада 200 жоба қолға алынды

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жоспарына сәйкес, 2020 жылы 200 жоба қолға алынды. Соған байланысты 211 іс-шара өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнар Қоңырова мәлімдеді. Толығырақ «Ұлт» порталы таратып жазады.

Айтуынша, 2020 жылы ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы енгізілді. Осыған байланысты, жоспарға қосымша 38 шара қосылды.

Оның ішінде Abai Street Fest ашық аспан астындағы фестивальдің қойылымы, оның аясында «Желсіз түнде жарық ай» тақырыбында «Музейдегі түн» акциясы, «Абай weekend» фестивалі, Farabi World жас ғалымдар форумы және әл-Фарабидің мерейтойына арналған халықаралық конференцияны өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Алматыда Жетісу ауданында Абайдың мүсіні орнатылды.

Бағдарлама аясында «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында Алматыда жоғары оқу орындарына 7 оқулық пен оқу құралын аударуға және шығару бастамасы көтерілді. Айта кету керек, бұл бастапқыда жоспарланған жүз кітаптың ішіне кірмейді.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала жарияланғанына үш жыл толуына орай жоғары оқу орындары үшін «Рухани жаңғыруды тану негіздері» концептуалды оқулығын басып шығару жоспарланып отыр. Осы орайда ұлтты рухани, мәдени тұрғыдан дамыту және халықаралық ұстаным бойынша «Жаһандық әлемдегі қазақстандық заманауи мәдениет» атауымен арнайы жобаның аса маңызды болғанын айта кеткен жөн.

Қаладағы екі жүз жобаның ішінде музыкалық мұраны дәріптеу де шет қалмады. Осы саланы әрі қарай дамыту үшін және түрлі елдермен шығармашылық байланыстарын кеңейту мақсатында халықаралық фестивальдер өткізу жоспары бар. Бұл бөлім «Қазақстанның киелі картасы» жобасын іске асыруды қамтиды.

Сондай-ақ, биыл да археологиялық мұражай кешендерін, ашық аспан астындағы мұражайларды құру бойынша жұмыс қарқын алады. Алматыда дала фольклоры мен музыкасын танымал ету мақсатында Сазген-сазы фольклорлық-этнографиялық ансамблінің Санкт-Петербургке, сондай-ақ қуыршақтар театрының Польша мен Болгарияға арналған халықаралық фестивальге шетелдік гастрольдері жоспарланған.

Бұған қоса, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде қазақ және бүкіл түркі әлемінің тарихи, мәдени мұрасын көпшілікке тарату үшін «Ұлы дала — көшпенділер әлемі» халықаралық этнографиялық фестивалі өтеді.

Айтуынша, қазақ әдеби мұрасын насихаттау мақсатында үшінші рет халықаралық жазушылар форумы өтеді деп жоспарланып отыр. Ол жерге қазір әлемде танылып жатқан жазушылар қатысады.

«Туған жер» арнайы жобасы аясында туған жерге, оның мәдениетіне, әдет-ғұрпына, дәстүрлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сол арқылы патриоттық сезімді оятуға бастама болады.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға қала тұрғындарының барлығы атсалысады. Атап айтар болсақ, студенттер мен оқушылар, білім беру және мәдениет қызметкерлері, халықтың әлеуметтік осал топтары, қарт адамдар, жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда бұл тізімде бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар жобалар саны артатын болады.