Жеті бірдей қазынасын пір тұтып, жеті атасын санамалайтын алты Алаштың ұл-қыздары алтаудан ала болмаған. Арайланған таң нұрымен оянған азат елдің қаны бір ұрпақтары қашанда тұтастықта болуы керек. Ұлттық тұтастық. Рухани тұтастық. Мәңгілік елдің іргесі жасампаздықта. Ал, сол жасампаздық тек бірлік пен тұтастық арқылы ғана құрылмақ. Рулас емес, рухтасын іздейтін, жаны бірді жақын тартып, қаны бірді қазығына балайтын қазақтардың бірлестігі – Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы.
Татулықты ту еткен бабасының бірлігін бүгінде ұрпағы бұзған емес. Керісінше, қандай да бір себептермен ата жұрттан алыстап, шекара шебінен асып кеткен қандастарымызды рухани Отанына қайтару, оларды өз елінде өзекке теппей, жанашырлық таныту мақсатында құрылған қауымдастық бүгінгі күні тарыдай шашыраған қарға тамырлы қазақты қайтара алды. Аталмыш қауымдастықтың жұмыс барысымен таныстыру, құрамына мүшелікке алу мақсатында аудандық мәдениет үйінде үлкен жиын өтті. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Зауытұлы баянауылдық жұртшылықпен кездесіп, бірлестіктің бірегей жұмыстарын таныстырып өтті. Алқалы жиынға аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Темірболат Мүбаракұлы қатысып, қазақ көшінің кешегісі мен бүгінгісін саралады.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде іргесін көтерген алғашқы күндердің өзінде қандастарын қатарға қосуды мақсат тұтқан. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркияның Стамбул қаласында қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп, ең алғаш қазақ жерінде құрылтай өткізу туралы сөз қозғалған болатын. Көп ұзамай 1992 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында тұңғыш рет әлем қазақтарының құрылтайы өтіп, Президент мазмұнды баяндама жасады. Сол құрылтайда шетелдердегі қазақ диаспораларымен жұмыс істейтін қауымдастық құрылды. Тұңғыш құрылтай тарыдай шашылып жүрген шетелдегі қазақтардың бірігіп, өздері тұрып жатқан мемлекеттердің заңы бойынша қазақ мәдени орталықтарын ашып, ұлт ретінде жойылып кетпеуге үндеген ұлы жиынға айналды. Атап айтар болсақ, қазақтар шоғырланып орналасқан мемлекеттердің барлығында дерлік кіші құрылтайлар өтті. Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда Орта Азия мемлекеттері мен Ауғанстан, Иран қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Ал, Еуропадағы аз ғана қазақтардың бірігіп жылда кезектесіп құрылтай өткізуі ерлікпен пара-пар. Бүгінгі күнде 2022 жылға дейін еуропалық қазақтардың қай мемлекетте кіші құрылтайы өтетіні келісілген. Ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасуымыздың жолында ауқымды жұмыстар атқарып жүрген қауымдастықтың облыстық филиалы да мардымды жұмыстар жүргізуде. Б.Зауытұлы әр елде жүрген қазақтарды рухани қолдау мақсатындағы қауымдастықтың 1998 жылы құрылғанын тілге тиек етіп, бүгінге дейін жасалған жұмыстарымен таныстырып өтті.
– Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – қоғамдық ұйым. Бұл ұйымның жұмысы тағдыр тәлкегімен шекара сызығының ар жағында қалған қазақ диаспорасының қал-жағдайын, арманы мен үмітін мемлекеттік ұйымдарға жеткізетін, мәселелері болса шешуге атсалысатын, барып-келуге жағдай туғызатын алтын көпір іспетті. Қазақстан зұлматы мен ғаламаты қатар өрілген жиырмасыншы ғасырда аяққа тұрып, шетелдегі қандастарын Отанына қайтара алды. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша әлемнің 12 елінен 7810 отбасы атажұртқа оралды. Алдағы уақытта да жүйелі жұмысқа бастайтын мардымды жоспарлар құрылған. Тағы бір қолдау – «Отандастар» қоры құрылмақ. Кәсіпкерлер есебінен жинақталатын қаражат қандастарымыздың жағдайын жасауға жұмсалатын болады, - дейді ол.
Қауымдастықтың негізгі қызметімен таныстырған Болат Зауытұлы аталған бірлестік қатарын молайтуға шақырды. Өз елінің патриоты саналатын әр қазақты мүшелікке қабылдауға дайын қауымдастықтың ережелерін де назарға ұсынды. Жиын соңында аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов сөз алып, Қазақстанның, қазақ халқының бүгінгі тынысы мен тіршілігінің дұрыс жолға қойылғанын тілге тиек етіп, болашақта қолға алынбақ қордың өте орынды бастама екенін айтты.
Әлия ТАУКЕНОВА