Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әр жылдағы халыққа Жолдауларында ел болашағы жас ұрпақтың білім алу жағдайы мен тәлім-тәрбиесіне, еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің дәстүрлі діні мен ана тілінің, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының бүгінгі күнмен жарасымды дамуына үнемі мән беріп келеді. Осы мақсатты жүзеге асыруда Елбасының ұсынысымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Нұр Отан» партиясы, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар белсенді жұмыс атқаруда.
Еліміздің қарқынды, гүлдене дамуы, күш-қуаты, әлем алдындағы беделі мемлекетіміздің ең басты байлығы – адами капиталдың сапасына тікелей байланысты екені белгілі. Халқымыздың салауатты өмір салтын ұстанып, әлемдік ең озық технологияларды меңгеруімен қатар, ұлттық рухани кемелденуінің – ел дамуындағы маңызы ерекше. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – осы мүддені көздеген кемел бағдарлама.
Өз ұлтының діні мен тілін білмей, ұлттық ділінен хабарсыз өскен ұрпақ мәңгүрттікке ұшырап, барабара елдің ұлтсыздануына апарып соғатыны, елімізді мекендеген адамдардың ұлттық санадан жұрдай тобырға айналатыны сөзсіз.
Қазақ тілі – әлемдегі ең бай, ең көркем тіл. Ұлтымыздың дүниетанымы – гуманизм, қайырымдылық пен адалдық, сүйіспеншілік пен қамқорлық, ынтымақ пен бірлік, білімге, жасампаздыққа, өнерге, әсемдік пен тазалыққа құштарлықтан құралған.
Ұлтымыз отарлық бұғауындағы кезеңде ұлттық кемсітушілік пен зорлық-зомбылықты көріп баққаны тарихтан аян. Тіпті, қазақ деген ұлт атауының орнына «киргиз-кайсак» деген атауды жамағандары, «қазақта білім-ғылым, өнер мен мәдениет, әдебиет болмаған» дегенді еріксіз мақұлдатқан қоғамда өмір сүргеніміз әлі есімізде. Тәуелсіздік алып, егемен ел болып, саяси-экономикалық, мәдениәлеуметтік қарқынды табыстарға қол жеткізген қазіргі дәуірімізде сақтанатын қатерлердің ең бастысы – ұлтсыздану.
Жаһандану дәуіріндегі асау дариядай буырқанған ақпаратты пайдаланған шетелдік жат идеологиялық диверсиялар, экстремистік, діни радикалдық, террорлық үгіт-насихат, шетелдік арсыздық көріністерінен құрылған әдеттерге еліктеудің ұрпақ санасын улап, өз ұлтының болмысынан, Отанынан жиренуге дейін апаратын қауіп алаңдатпай қоймайды. Жат идеологияға еріп, адасып, Ирак пен Сирияға барып, соғыс құрбанына айналған қандастарымыздың, діни экстремистердің жетегінде жүрген жастарымыздың бейнесі, ар-ұятты жиып қойып, арсыз қылықтарға бой алдырған ұлқыздардың ерсі қылықтары, хиджабты тастаудан бас тартқан оқушы қыз балалардың әрекеті жаныңды қынжылтады. Мұнан нені көреміз? Өз ұлтының рухани құндылықтарынан, тарихынан бейхабар ұрпақтың ел болашағының жасампазы, Отанның шынайы патриоты болып жарытпайтынына көзіміз жетеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – ұлтымыздың рухани даму, рухани кемелдену, рухани гүлдену бағдарламасы.
Бабаларымыздың жүздеген ғасырлар бұрын әлемдегі ең мәдениетті, ең білікті шаруашылығы мен өнердегі, әскери саладағы жетістіктері барлық елдердің дамуына зор ықпал еткенін паш еткен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты еңбегі халқымыздың рухани мәдени беделін барша жаһанға әйгілеп қана қоймай, әр қазақтың санасына мақтаныш сезімін ұялатып, рухани жетілуіне зор әсер еткен, халықтық, ұлттық зор маңызға ие аса құнды шығарма болды. «Отан – отбасынан басталады» деген. Бала ұяда не көрсе, соны жасайды. Оны мойындауымыз керек. Ұл – атаға, қыз – анасына қарап өседі. Сондықтан, ұрпақтың рухани жетілуінде ата-ананың атқаратын ролі бірінші тұрады. Осы орайда ата-аналардың бала тәрбиесіндегі мемлекет алдындағы жауапкершілігін күшейту керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру науқаншылдықты, бір реттік думанды іс-шараларды көтермейді. Ол біртіндеп дамыта отырып атқарылатын ұзақ процесс. Отбасынан бастап, мектепке дейінгі тәлім беретін мекемелерде, мектепте, жоғары оқу орындарында ұрпақтың ұлттық санасын жетілдіре отырып, күнделікті өмір дағдысымен ұштастырып, қоғамның әр мүшесі, барлық азаматтар қатысатын, жалпы, біртұтас жүйелі тәрбие жұмысы. Оның мақсаты, көздеген мүддесі – келешегі кемел Мәңгілік Ел құру.
Елбасы кезекті Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, жастарды ғылым мен білімді, заманауи озық технологияларды меңгеруге, тындырымды еңбекке шақырды. Жастар жылында еліміздің болашағы – жастардың ең алдымен, ұлттық рухани құндылықтарды санасына сіңіріп, рухани жетілуіне баса мән беру керек деп ойлаймын. Бұл үшін жергілікті жерлерде орасан шаруалар қолға алынуы тиіс.
Ғазым ЖАРЫЛҒАПҰЛЫ