09 қыр, 2016 сағат 08:30

Руды бiлгенiң – қасиет, руға бөлiнгенiң – қасiрет

Есебiң болмаса есек те мiне алмайтын заманда өмiр сүрiп жатырмыз. Сол есеп құрғырыңыз бұрын да болған. Бiрақ ол басқаша есеп едi. Айталық, ол есеп – бауырмашылдыққа, имандылыққа, адамгершiлiкке, ынтымаққа, татулыққа, қайырымдылыққа құрылған болатын. Соның арқасында елдiң берекесi кiрiп, мейманасы тасып жататын. Ал қазiргi есеп бұрынғы есептен өзгерек. Қарақан басының қамы, өзгеден артылсам деу, бәсекелестiк, пайдакүнемдiк бiрiншi кезекте тұрады. Оны аз десеңiз, рушылдық дертiн қоздырып, елдiң арасына iрiткi салып, ағайынды алатайдай бүлдiрiп, адамдарды араздастырып, тобасын ұмытқандардан топ құрып, “көсем” болғысы келетiндердiң қитұрқы есебiн ел бiледi. Бiр сөзбен айтқанда, руға бөлiнушiлiк – рухани жарамызға айналып шыға келдi. Рушылдық – өзi үнсiз, өмiрi бұғып жүрiп iсiн тындыратын құбылыс. Бұл құбылысты қолшоқпар қылып, өз пайдасын көздегендер дегенiне жетiп те жатады.

Ру – қазақтың шыққан тегiн танытатын тетiк. “Тегiн бiлме­ген түгiн бiлмейдi” дейтiнiмiз сондықтан. Осы рудың арқасында қазақ әлемдегi ең қаны таза халықтың бiрi болып сақталып келедi. Бiр рудың адамдары жетi ата емес, жетпiс ата болса да қыз алысып, қыз берiспейдi. Қазақтың тектi, талантты болуының сыры осыдан бастау алады.

Қазақ өз руын бiлгенмен, руға бөлiнушiлiктi құптамаған. “Бiрiңдi қазақ, бiрiң дос, көр­ме­сең iстiң бәрi бос” деп ұлы Абай осыны меңзеген. Бұрын­ғының шалдары “Қай баласың?” дегенде әке-шешемiздiң аты-жөнiн айтып құтылатынбыз. Қазiргiлер “қай рудан болдың?” деп сұрақты қабырғадан бiр-ақ қояды. Жауабыңды жақтырмай қалатыны да жоқ емес.

Рушылдыққа бой алдырып отырған өзiмiз. Айталық, ауыл-ауылдағы ағайындарды ру-руға бөлiп, әрқайсысы “президент” сайлап алған. Осыдан кейiн рулар арасындағы бәсекелестiк басталды да кеттi. Ру “прези­денттерi” үлкен ықпалды күшке айналды. Өйткенi олардың артында қарақұрым өз руластары тұрады. Әкiмқаралар сол “пре­зи­денттердi” пайдаланып, мә­селе шешетiн болды. Пәлен рудың пәлен атасына арнап ас бередi. Жиналғандар Ата қа­зақ­ты емес, өз руының майталмандарын мақтап мезi етедi. Аруақтарға арнап ас берген дұрыс шығар-ау, тек “артылам деп өзгеден” мақтанға айналып кетiп жатпаса.

Қазiргi таңда, несiн жасырайық, ұлттық намыстан гөрi рулық намыс әлдеқайда жоғары тұр. Оның үстiне күншiлдiк пен көреалмаушылықты қоссаңыз, рушылдықтың оты лаулай түседi. Әттең, осы дерттен арыла алмай- ақ қойдық. Топырақты өлiмде, торқалы тойда тоқайласқан әр рудың адамдарын көрiп, Құдайға шүкiр дейсiң. Бiрақ солардың iшiнде “бiздiң қазақтың баласы” деп емес, “бiздiң рудың баласы” деп мақтанатындарды көрiп iшiң ашиды. Ру десе iшiмiзде бiр дүлей дауыл соға жөне­ледi. Амал қанша, кiмнiң аузына қақпақ болғандайсың. Руға бөлiнушiлiк мектеп жасындағы балалар арасында да өрiс жайып келедi. Бұл – қасiрет болмаса, қайбiр жақсы қасиет дерсiз.

Қайран қазақтың даналары-ай! Олар жүз-жүзге, ру-руға бөлiнiп, шiлдiң боғындай шашырап кетпеудi армандаған. Бiздiң айтайын дегенiмiз, бабалар аманатына адал болып, руға бөлiнушiлiк – елдi рухсыздандыратынын естен шығармайық.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,

Мақтаарал ауданы,

Оңтүстiк Қазақстан облысы.

"Жас Алаш" газеті