Ресейдің қоршаған ортаға бақылау жасау және гидрометеорология федералдық қызметі (Росгидромет) Ресей аумағындағы радиациялық ахуал туралы бюллетень жариялады.
Онда Челябинск облысындағы "Маяк" өндіріс бірлестігі аймағынан жүз километр жерде алынған сынамадан радиоактивті рутений-106 (Ru-106) тіркелгені айтылған.
Бұған дейін Францияның ядролық және радиациялық қауіпсіздік институты (IRSN) Еуропа үстінен радиоактивті бұлтты анықтағандарын хабарлаған. Институт ғалымдары рутений-106 радиоактивті бұлты Қазақстаннан не Ресейден, анығырақ айтқанда, Орал тауларының оңтүстігі мен Челябинск облысынан тарауы мүмкін екенін айтқан.
Қазақстандағы ядролық және радиациялық қауіпсіздікке және экологияға қатысы бар мекемелердің өкілдері радиацияның Қазақстаннан тарағанын жоққа шығарған.
Ресей билігі де Ресей территориясында қыркүйекте радиоактивті нысандарда апат болғанын немесе радиоактивті зат таралғанын жоққа шығарған болатын. Ал "Росатом" компаниясы радиация өзінің кәсіпорнынан шығып жатыр деген тұжырымды "негізсіз" деп атаған.