14 жел, 2021 сағат 13:05

Ревакцинацияда «Pfizer» вакцинасының бір ғана компоненті салынады


Қазақстан азаматтарына ревакцинация кезінде «Pfizer» вакцинасының екі компонентін алуға мүмкіндік беріле ме? Бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзге вакциналар ақылы режимде пайда болғаннан кейін мұндай мүмкіндік болады. Азаматтардың өздері қабылдаған шешімі негізінде бір немесе екі вакцина алуға мүмкіндік жасаймыз. Дегенмен, ревакцинация кезінде бір доза, яғни үшінші компонент алуға кеңес беріледі», - деді Алексей Цой Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Сонымен қатар ол ата-аналардың келісімі болған кезде 12 жасқа дейінгі балалардың вакцина алу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. 

«Қазіргі уақытта Қазақстанда оған тыйым салынған. Себебі, өндірушілерден нақты ұсыныс қолымызда жоқ. Қазіргі уақытта өндірушінің нұсқаулығына сәйкес 12 жастан бастап вакцина салдыруға кеңес беріледі», - деді Денсаулық сақтау министрлігі. 

Бүгінгі таңда МСАК-та Pfizer (Comirnaty) екпесін ақылы алуға ниет білдірушілердің жазбасы жүргізілуде. Бағасы әлі белгісіз.