24 қаз, 2018 сағат 11:05

Ресейден жеткізілген ет өнімдері гигиеналық талаптарға сай емес

Ресейден жеткізілген тартылған ет өнімдері гигиеналық талаптарға сай емес. Бұл туралы ҚР ДМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен мәлім етті.

Аталған ведомство Қазақстанға жеткізілетін өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізген. Шара аясында «ФинИнвест» ЖШҚ-ның (РФ) «Котлетный» тартылған етінен, «СПК Курников» ЖШҚ-ның (РФ) «Натуральный», «Крестьянский» тартылған еттерінен, «Ставропольский бройлер» ЖАҚ-ның (РФ) бройлер балапаны қанатынан. «Микояновский мясокомбинат» ЖАҚ-ның (РФ) - «Особая со шпиком» шұжығынан сынама алған. Тексеру нәтижесінде аталған өнімдердің жалпы микробтық тұқымдану көрсеткіші бойынша гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттер талаптарының  бұзылғаны анықталған.

«Қазіргі уақытта сапасыз өнімдерді өткізушілерге қатысты, оның ішінде сауда нысандарынан сапасыз тауарды алып тастау бойынша әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданып жатыр. Дүкен сөрелерінде сәйкес келмейтін өнім анықталған жағдайда комитеттің мекен жайына жазбаша және 8 /7172/ 74-26-97 телефон нөміріне хабарласуға болады», - деп атап өтеді ведомстводан.