Түркістан облысының құрылып, 17-ші аймақтың пайда болуы - бұл тарихи сабақтастық пен әділдіктің салтанат құруының көрінісі. Түркістан облысының құрылуы қаланың Қазақстанның мәдениет орталығы, ірі экономикалық ошағы ретінде дамуына жақсы мүмкіндік туғызады. Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Негізінен бұл көп жағынан жағымды хабар. Бұл әңгіменің шыққанына да бірталай болды. Бұдан бұрын да қоғамда осындай ұсыныстар мен бастамалар көп көтерілген болатын. Жағымды тұстарына келетін болсақ, елімізде тұрғындарының саны 1 миллионнан асқан үшінші қаланың тіркеліп отырғаны. Шымкенттің осы дәрежеге жетіп, тиісінше оның қосымша мәртебе берілуі, 17-ші аймақтың пайда болуы... Бұл елдегі демократиялық мәселелердің дамып келе жатқанын көрсетеді. Екінші жағынан облыс атауының Оңтүстік Қазақстаннан Түркістанға ауыстырылуы - меніңше бұл тарихи сабақтастықтың, тарихи әділдіктің салтанат құрғанының көрінісі. Бұл қаланың байырғы тарихи атауы - Түркістан. Киелі Түркістанның әрбір қазақ баласы үшін, әрбір түркі баласы үшін маңызы ерекше», - дейді саясаттанушы.
Расул Жұмалының айтуына қарағанда, мұндай шешім біршама қаржылық, ұйымдастырушылық шараларды қажет етеді. Себебі, облысты басқарушы әкімшілік, тиісті кадрлар қазір жаңа әкімшілік орталық - Түркістанға көшуі керек.
«Меніңше, бұл тек қана техникалық жағынан емес, экономикалық және саяси тұрғыдан Түркістанның дамуына жақсы серпін беретіні анық. Мұндай тәжірибелер бізде бұған дейін болған. Мәселен, Астананың мемлекет деңгейіндегі мәртебеге ие болғаннан кейін қалай дамып кеткені белгілі. Түркістан - киелі де маңызды қала. Бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына жақсы мүмкіндік туғызады деп күтілуде», - дейді Расул Жұмалы.
Саясаттанушы осы жаңалықпен бірге бір мәселені шешіп алуға болатынын еске салды.
«Мысалы, кезіндегі кеңес заманының, отарлық заманның жер-су атауларынан ақырындап қол үзіп, байырғы атауларды қайтаруға маңыз берген жөн болар еді. Бұл ретте Петропавл мен Павлодар, Өскемен секілді қалалар туралы айтып отырмын. Осы мәселені көтерсе меніңше дұрыс болады. Бірақ, сонымен қатар тағы бір ойландыратыны - Оңтүстік Қазақстан облысы дамып келе жатқанымен, орталық немесе солтүстік өңірлердегі халық өсімінің өте баяу жүруі, қазақыландыру мәселесінің баяулығы. Мысалы, Солтүстік Қазақстанның халқын үш еселесеңіз де, Оңтүстік Қазақстанның халқының жартысына да жетпейді. Бұл да ойлантарлық мәселе. Сондықтан, бұл мәселе құр мәртебені ауыстырғаннан гөрі әлдеқайда ауқымды шаруа дер едім», - дейді ол.
Расул Жұмалы өз сөзінде «облыс» атауының өзінің өзгерту мәселесіне назар аудару керектігін айтады.
«Облыс деген атаудың өзі меніңше ескірген секілді. Өзбектер кезінде «уәлаят» деген ұғымды жандандырды. Бұл бізге де жақын сөз. Тарихты білсеңіз, кезінде қазақ даласында «Дала уәлаяты» деген газет де шығып тұрған. Осындай дүниелерді қолға алатын болсақ, меніңше дұрыс болар еді. Сондықтан, осы шешімді жалпы дұрыс деп қабылдаймын. Түркістан облысының құрылуы соған қосымша бір құлшыныс беріп отыр. Тарихи шындықты, тарихи әділдікті қайта құру, қайта жаңғырту, отарсыздану саясатын қолға алу, бұл жерде де - әлі ақсаңдап жатқан тұстар бар. Сондықтан, осы соларға жақсы бір серпін беретін шешім», - дейді саясаттанушы.
Расул Жұмалы жекелеген қалалардың халқының санының өсуі бір жағынан қуантарлық десек те, екінші жағынан 18 миллион халқы бар мемлекеттегі ауыл-аймақтардың, фермерліктердің, елдімекендердің азайып келе жатқанын ұмытпау керектігін айтады.
«Ауыл жастарының қалаға жаппай көшуі бір жағынан табиғи заңды процес дегенімізбен, екінші жағынан бұл ауылды елдімекендердегі жағдайдың мәз емес екендігін меңзейді. Екіншіден, Алматы мен Астанадан байқайтынымыз - қалаға көшіп келгендердің өмір деңгейінің төмен қалуы, урбанизацияның әлі де бір реттелмей жатуы, Астана мен Алматының іргесінде түрлі заңды-заңсыз конгламерациялардың пайда болуы байқалады. Яғни, мемлекеттің бір бөлігінде халықтың саны азайып бара жатса, екінші жағында үй мен жұмыс жетіспесе де қалалардың толып кетуінің жүйеге келтірілмеуі меніңше ойлантарлық жағдай. Жалпы, айтқанда жаңалықтардың жағымды тұстарын мойындай отыра, содан туындайтын мәселелерді таразылап, талдап, назардан тыс қалдырмау керек», - дейді Расул Жұмалы.