02 жел, 2016 сағат 11:41

Рақымшылықпен бас бостандығынан айыру орындарынан 1800 адам босайды

- Рақымшылық аясында бас бостандығынан айыру орындарынан 1800 адам босап шығады. 

Бүгін Парламент Мәжілісінде  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау турал» заң жобасы бойынша жұмыс тобы отырысының алдында тілшілерге сұхбат берген ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір тергеу аясында қамалғандарды қоса есептегенде 36 мыңы отырғызылды. Ресми түрде  біз 62-інші (сотталғандардың саны бойынша) орындамыз, ал ресми емес есептейтін болсақ, әлемде 64-орында тұрмыз», - деді Меркель.

Оның сөзіне қарағанда, бас бостандығынан айыру орындарындағы 36 мың адамның ішінде рақымшылыққа1800-і ілігуі мүмкін.

«Бұлар әлеуметтік тұрғыда қауіп тудырмайтындар. Алдағы жылы барша Қазақстан халқы ЭКСПО-ны өткізеді, Алматыда да шаралар ұйымдастырылады және біз осының барлығын ескеруіміз керек. Ал егер аса ауыр қылмыс жасағандарды босатсақ, бізге ешкім де келмейді, яғни бұл қауіпсіздікке әсер етеді», - деді И. Меркель.

Жалпы, рақымшылыққа тергеу жүріп жатқандар, сот қарауындағылар, сондай- ақ, пробациядағыларды қоса есептегенде 30 мыңға тарта адам ілігуі ықтимал.

Бұл ретте айыппұл шарасына, шартты жазаға кесілгендер, қоғамдық жұмыстарға және басқа да ауыр емес жазаға тартылғандар қамтылатын болады.

Белгілі болғандай, лаңкестік және басқа ауыр қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейді. Негізі рақымшылық жасау аса ауыр емес қылмыстарға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және қоғамдық қауіптілігі жоқ қылмыстарға көзделген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы аптада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының жобасы жұмысқа алынды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізді. Бұл рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады. 

«Осы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Республика Конституциясы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазына деп жариялайды. Гуманизм қағидатының бір көрінісі оған сәйкес рақымшылық жасау актін қолданатын заңды қабылдау болып табылады. Заң жобасына сәйкес, азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар қылмыстық жазадан босатылады»,-деді жалпы отырыста Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.