Бүгін 62 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден озды. Жазушының мезгілсіз қазасы жалпы жұрттың жанын ауыртты. Осы орайда Ұлт порталы қазақтың аймаңдай қаламгеріне арналған өлеңдер топтамасын ұсынады.
ЕР ДОСПАМБЕТ
(Аза жыры)
Мұсылманның баласы түгілі,Көрген кезде кәуір танар есінен,
Азаулының Стамбұлдан несі кем?
Аймадет Ер Доспамбет жыраудың
Би ұлынан несі кем,
Хан ұлынан несі кем?!
Азаулыда ақшалмалы пірлердің,
Мешітте жаққан шамдары самдай жарқырап,
Бекзада дәурен кешіп ең;
Түбі түрік түгілі,
Адамзатта асқақ еді-ау, - несібең!
Сайраған бұлбұл, көкегі-ау!
Аталар сонда арыстандай бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген екен-ау!
Саңқылдап жүрген екен-ау,
Қарқылдап күлген екен-ау!
Атырау-Арқа-Алатау-Алтай төсінде
Найзасының жебесіндей ұшқан екен-ау,
Жұпарын қардай боратып,
Ару да құшқан екен-ау!
Қыран едің қырдан көкке самғаған,
Қанатыңнан қайырылдың,
Маң-маң басқан, маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Өркештерін май басқан қара нарың бар еді,
Одан-дағы айырылдың!
Аузы түкті бұ кәуір жекпе-жекте сынасар
Тектінің ұлы емес-ті,
Құтылмақ боп со сұмнан,
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған Жемде қылдың кеңесті,
Одан да елді көшірді!
Ойыл деген - ойың-ды,
Отын тапсаң - тойынды, -
Ойылда құрдың кеңесті,
Одан да елді көшірді!
Қайтейін сені, нар тұлға,
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз қалып артыңда,
Ақ Жайыққа қарайлаған қалпыңда;
Сынаптай уақыт бір орында тұрмай зырылдап,
Жаным бір олжа демедің,
Боз далада боз торғайдай шырылдап,
Шаһит кешкен сен едің!
Содан да кейін ел көшті, талай жел де есті,
Аузы түкті кәуір ап бел-белесті;
Ата жау қоймай, - егесті!
Кезі келген күнінде
Найзам менің зеңбірекпен теңесті,
Кіндігіңнен туған жұрт есемді алам деп өсті!
Құтылмақ боп со сұмнан
Жымпитыда құрдым кеңесті,
Семейде құрдым кеңесті;
...Шығысында Айдаһары ысылдап,
Батысында Аю ақырған,
Менің де шерім сенен де бір кем емес-ті...
Серік Ақсұңқарұлы
АҚАЛТЕКЕ
(Бауырым Рахымжанның
рухы бейіште шалқысын)
Ажал жетсе астындағы жар құлап,
Арқарың да асқар шыңнан қарғымақ.
Айырылып сендей ақалтекеден,
Азынаған мен – арабы арғымақ.
Жазамын, – деп жамиғаттың жан күйін,
Жүрегіңді жұлмалады сан құйын.
«Жан азасы» Мұқағали ағаңның
Саған да алып жеткен екен әлдиін.
Жүрген жері қалың өрт пен қоз қасы,
Мүмкін емес текежаумыт тозбасы.
Сен кетті, – деп тамып-тамып кеткені-ай,
Қорғасындай «Шыңғыс ханның көз жасы».
Өзгеше еді өнердегі өр үнің,
Өр үніңнен неге, қалқам, жерідің.
Сен жұмаққа кіріп кеттің.
Мұндағы
екі-үш жанға енші болып орының.
Қош, Рахым!
Ажал шіркін мергенше
атқанымен, аласармас сенде еңсе.
Дүниенің жалғандығын тағы ұқтық,
Тағы ұмытып, тағы біреу өлгенше...
Абзал Бөкен
Өзінің де сөзінің де мінезі - рух еді...
Рахымжан аға – тарпаңдардан қалған бір өзі еді.Бір өзі – бар қазақтың мінезі еді.
Онсыз да момын халықтың
Мінезі өлді!..
Өлген сайын жүректі мұң езеді.
...Қасқа боп тұрып ем,
Патша боп жүріп ем,
Мен енді, басқа боп тірілем – деп,
кетті-ау, ағасы?!
Алғыс-қарғысы қатар жүретін қазағына
Шарт ете қалды-ау, шамасы.
Онсыз да ортасынан омырылып,
Арыстарымның азайған кезде қарасы,
«Бұл кеткені – не еткені?!..»
- Жоқ, кетпеді!
Қайта келсем, қадірімді білсін - деп,
Рухы нұрға беттеді.
Өлімін де өнеге еткен өмірге
Менің асыл ағаларым-ай,
Уай, не деген текті еді!..
Жан жалындап, жалп-жалп етіп өшкен күн,
Ұлтың, жұртың ұлықтайтын ұрпағың,
Аға, Мәңгілігіңе қош келдің!!!
Бақыт Беделхан
Рахымжан Отарбаевтың қазасын естігенде...
Жан-тəнімен адамға бақ тілеген,Күндей жүрек тоқтады, батты демен!
Қазір менің жанымды жұбатуда,
Жалғыз сөз "Жақсы" деген.
Ар жолына өмірін салған қиып.
Хан Шыңғыстың жасы ма тамып түскен,
Жанарында түркінің қалған ұйып!?
Жақсы сөзің - жұмағың, бақ-тұрағың,
Елің мəңгі сүйсініп татсын əрін.
Қайран дана халқымның ұлылығы-ай,
"Жақсы өлсе" деп тілейтін жақсыларын...
Күрсінуде кең далаң жоқтап, налып.
Сене алмадық айтуға сөз таппадық.
Сен қайтқанда жүрегі қазақтың да
Соғып кетті, бір сəтке тоқтап қалып...
Жәлел Қуандықұлы
МОНШАҚ ҺӘМ МОНО ЛИЗА
Рахымжан Отарбаевқа
Құстары үркек қанатын сілкіп,Түстікке түнде түзеген бойын. Тұратын қырда тұманын бүркіп, Қараша айы– бұл менің айым. Жетті маған да, өмір мизамы, Моншақтап жасы қалды-ау, Моншақ қыз… Көрмеймін мұңды Моно Лизаны, Жақынбыз тағы сондай алшақпыз. Геркулес сынды батыстың ері, Жалғыз түп жусан молаңа қоям. Иілмес басы, бүгілмес белі, Мен де бір асқақ далалық Ноян. Сүйсем де сонша, кешіре алмайтын, Ла Скала! Сол қартың ар ма? Ғасырлық жаңбыр өшіре алмайтын, Өкпем бар Римдік суретші шалда. Тырналар! О, мұңлық құстар, Қайтесің енді өткенді жоқтап. Жап-жасыл жүрек көктемге құштар, Кешер ме мені күз жауған соқпақ?! Басымнан солай бір дауыл өткен, Шақырып ақшам, Алматы шамы. Сол үшін мен де Каспийден кеткем, Тамшылап ағып арымның қаны. Жетті ме саған өмір мизамы, Моншақ жасыңды төкпе, Моншақ қыз. Күлдіріп ертіп Моно Лизаны, Кешіресің бе, саған барсақ біз?.. …Құстары үркек қанатын сілкіп, Түстікке шулап көшерде мамыр. Тұратын қырда тұманын бүркіп, Қараша айын есірке, Тәңір!!!Ұларбек Дәлейұлы